Хаменейдің қаза тапқаны туралы ақпарат тарады

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль шенеуніктері Иранның жоғарғы жетекшісі Хаменейдің өлтірілгені туралы хабар таратты. Бірақ Тегеран бұл ақпаратты растаған жоқ, деп хабарлайды агенттіктің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Хаменеидің қаза тапқаны туралы ақпарат түсіп жатыр
Фото: x.com / @khamenei_ir

Сенбі күні таңертең Израильдің әуе шабуылы кезінде Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменейдің қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы аты жөні аталмаған жоғары лауазымды израильдік шенеуніктерге сілтеме жасай отырып бірнеше израильдік ақпарат құралдары мен Reuters агенттігі хабарлады.

Израильдің 12 арнасының хабарлауынша, премьер-министр Биньямин Нетаньяху мен АҚШ президенті Дональд Трампқа Хаменейдің Тегерандағы қираған резиденциясынан табылған денесінің суреті көрсетілген. Израильдің АҚШ-тағы елшісі Йехиэль Лейтер АҚШ шенеуніктерін Иран басшысының көз жұмғаны туралы хабардар етті.

Нетаньяху Израиль халқына арнаған бейне үндеуінде «белгілер Хаменейдің енді жоқ екенін көрсетеді» деп, Иранға қарсы операцияның қажет болғанынша жалғасатынын айтты. Ол сондай-ақ Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусының қолбасшылары мен бірнеше жоғары лауазымды ирандық қайраткерлердің өлтірілгенін хабарлады.

Иранның жоғарғы көсемінің қайтыс болғанын шетелде орналасқан ирандық оппозициялық Iran International ресурсы да хабарлады.

Алайда Иран Хаменейдің өлімін ресми түрде растаған жоқ. Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи сенбі күні NBC News телеарнасына берген сұхбатында жоғары лауазымды шенеуніктердің барлығы өз қызметтерінде екенін айтты.

Иран ақпарат құралдарының хабарлауынша, Жоғарғы көшбасшы кеңсесінің қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы таратылып жатқан ақпаратты «психологиялық соғыстың» бір бөлігі деп атады.

Бұған дейін Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Исмаил Багайи Sky News арнасына президент Масуд Пезешкиан мен рухани көсем Әли Хаменейдің тірі және қауіпсіз екенін айтқан.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп NBC News арнасына берген сұхбатында Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменейдің қайтыс болғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келетінін айтты.

— Біз бұл нақты ақпарат деп есептейміз, — деді Трамп.

Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары Хаменейдің тірі және жағдайы жақсы екенін хабарлады.

Иранның жартылай ресми Tasnim және Mehr ақпарат агенттіктері рухани көсем Хаменейдің «жағдайды нық және мызғымас бақылауында» деп хабарлайды.

Бұған дейін шабуыл салдарынан Иранда 201 адам қаза тапқаны туралы жаздық.

Соңғы жаңалықтар
Референдум