«Ханбок»: Астанада корей ұлттық киімінің көрмесі ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада «Өнер ретінде жанданған - Ханбок» атты көрме ашылды. Ханбок –корейлердің ғасырлар бойғы өмір салты мен ерекшелігін бейнелейтін ұлттық киімі.

ханбок
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
кәріс киімі
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
ханбок
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Ханбок – ғасырлар бойы тарихы мен дәстүрі бар корей киімі. Ханбок мәдениеті Қазақстанда да өркендеп келеді. Қазір Қазақстанда 120 мыңға жуық кәріс тұрады. Олар 1937 жылы Кеңес Одағының халықтарды күштеп көшіру саясатының нәтижесінде Қазақстан аумағына келген. Қазақстандағы кәрістердің кейбірі әлі күнге дейін «Сольналь» және «Чхусок» сияқты мерекелерде ханбок киеді. Ал Корей мәдени орталығында өтіп жатқан мәдени сабақтарда ханбок киген ақ шашты әжелер мен олардың немерелері дәстүрлі желдеткішпен би» және «лалагүлмен би» билерін үйреніп жүр», - деді Қазақстандағы Корея республикасының елшілігі Корей мәдени орталығының директоры Ку Бон Чхоль көрменің ашылуында.

ханбок
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Оның айтуынша, қазақстандықтар ханбокқа аса қызығушылық танытуда. Әсіресе елімізде кеңінен танылған «Ханзада Жумонг» және «Қызыл жең» атты телесериалдар арқылы жіті таныс.

көрме
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Көрмеде корейлік дәстүрлі киімнің сұлулығы заманауи өнер инсталляциялары мен сан алуан бояулар арқылы ұсынылған. Келушілер ханбоктың сұлулығын жаңаша сезініп, бағалай алады», - дейді ол.

көрме
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Елордадағы Тұңғыш Президент Музейінде ашылған көрмеге 12 корей суретшінің туындылары қойылған. Өнер туындыларын келушілер 23 маусымға (2024 жыл) дейін тегін тамашалай алады (алдын ала тіркелу керек).

көрме
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Көрме 1600 жылдық тарихы бар аңшылық киімдерден бастап 200 жылдық үйлену көйлектеріне дейінгі әртүрлі дәуірдегі ханбокпен шабыттандырылған өнер туындыларын ұсынады. Бұл жұмыстар ханбоктың әртүрлі кезеңдегі стилі мен көркемдік құмарлықтарының әртүрлілігін көрсетеді. Бұл көрменің бірегей аспектісі – ханбоктың дәстүрлі элементтерін заманауи суретшілердің шығармашылық өрнектері мен көркемдік әдістерімен үйлестіру. Ханбоктың дәстүрлі түстері, үлгілері мен пішіндері кескіндеме, мүсін, көркем инсталляциялар және бейнелерді қоса алғанда, әртүрлі заманауи медиа арқылы қайта түсіндіріледі», - деді Қазақстандағы Корея Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Чжо Тэ-ик.

көрме
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Мәдени іс-шараны өткізудегі мақсат – Ханбок тақырыбындағы заманауи өнер туындылары арқылы Кореяның бірегей рухы мен өмір салтын тереңірек түсінуге мүмкіндік беру. Сонымен қатар көрме дәстүрлі мәдениеттің құндылықтарын болашақ ұрпаққа жеткізеді және әлемдегі корей мәдени мұрасын ілгерілетуде маңызды рөл атқарады.

көрме
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар