Ханчжоудағы XIX Азия ойындары қандай ареналарда өтеді
ХАНЧЖОУ. ҚазАқпарат – Қытайдағы ХІХ Азия ойындарының басталуына 100 күнге жетер-жетпес уақыт қалды. Жарыс 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Чжэцзян провинциясының Ханчжоу қаласында өтеді. Азия ойындары осымен Қытайда үшінші рет өткелі тұр. 1990 жылы Бейжіңде, 2010 жылы Гуанчжоуда өткен болатын. Ханчжоуда өтетін Азия ойындарының негізгі спорт нысандары ҚазАқпарат тілшісінің фоторепортажында.
1. Үлкен Лотос деп аталатын Олимпиадалық спорт орталығы Ханчжоудағы Азия ойындарының бас стадионы. Спорттық шараның ашылу және жабылу салтанаты осы жерде өтеді. Сонымен қатар бұл жерде жеңіл атлетика жарыстары өтетін орынға айналады. Стадион пішіні лотос гүліне ұқсайды және 80 мың орынға арналған.

2. «Кішкентай Лотос» стадионы 10 мың адамға есептелген, мұнда теннис және софт-теннис жарыстары өтеді.


3. Ханчжоу Олимпиадалық спорт орталығының гимнастикалық залы. Ол баскетбол жарыстарын өткізу орны ретінде қызмет етеді. Сондай-ақ бадминтон, гимнастика, волейбол, гандбол, бокс, жекпе-жек, мини-футбол және басқа да спорттық іс-шараларға арналған алаң ретінде пайдалануға болады.

4. Су спорты түрлеріне арналған алаң да Ханчжоу олимпиадалық спорт орталығының аумағында орналасқан.

5. Ханчжоу Олимпиадалық спорт орталығының сквош-корты, сквош жарыстары өтетін орын. Бұрын 2016 жылы Ханчжоуда өткен G20 саммитінің басты орны болған.

6. Ханчжоу киберспорт орталығы, киберспорт жарыстары өтетін орын. Бұл Қытайдағы алғашқы кәсіби спорт кешені. Ғимарат ғарыш кемесіне ұқсайды. Ханчжоудағы Азия ойындары кезінде киберспорттан сегіз алтын медаль ойнатылады.


ХІХ Азия ойындары Чжэцзян провинциясының әкімшілік орталығы Ханчжоудан басқа провинцияның Нинбо, Вэньчжоу, Цзиньхуа, Шаосин және Хучжоу қалаларында өтеді.
Ханчжоу - Қытайдың ең көрікті мегаполистерінің бірі, қала аумағында әдемі Сиху көлі (Батыс көлі) бар. Ол барлық жастағы қала тұрғындары мен қонақтарын сұлулығымен баурайтын демалыс орны.
Өткен бейсенбі күні ХІХ Азия ойындарының алауы көне Қытайдың Чжэцзян провинциясының Лянчжу қаласында жағылды.

Естеріңізге сала кетейік, ХІХ Азия ойындары бастапқыда 2022 жылдың 10-25 қыркүйегіне жоспарланған, бірақ 2023 жылдың күзіне ауыстырылған болатын.
2022 жылғы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің мәліметі бойынша, Ханчжоудағы ХІХ Азия ойындарының спорт бағдарламасына 40 спорт түрі, 61 тәртіп және 483 іс-шара кіреді.
Атап айта кететін жайт, киберспорт және брейк-данс жарыстары биылғы Азия ойындарында алғаш рет өткізілгелі отыр.
Ханчжоуда өтетін Азия ойындарына Азияның 45 елінен 12 мыңнан астам спортшы қатысады, оның ішінде қазақстандық спортшылар да бар.