Хантавирус анықталған круиздік кемеден эвакуацияланған соңғы топ Нидерландқа ұшады — Испания ДСМ
АСТАНА. KAZINFORM — MV Hondius круиздік кемесінде хантавирус індеті анықталғаннан кейін эвакуацияланған жолаушылардың соңғы тобы дүйсенбі күні кешірек Нидерландқа ұшып кетеді. Бұл туралы Испанияның денсаулық сақтау министрі Моника Гарсия мәлімдеді, деп Синьхуа агенттігі жазды.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта кемеде 54 адам қалып отыр, олардың 22-сі жағаға түсіп, Нидерландқа ұшады. Қалған 32 адам — экипаж мүшелері — Нидерландқа круиздік кеменің өзімен жол тартады.
Тенерифе аралындағы Гранадилья портында өткен баспасөз мәслихатында министр Испания билігі бастапқыда Австралия мен Нидерландқа екі эвакуациялық рейс ұйымдастыруды жоспарлағанын айтты.
Алайда бастапқыда Австралияға жіберілуі тиіс болған жолаушылар Нидерландқа жеткізілетін болды. Моника Гарсия жоспардың не себепті өзгергені белгісіз екенін атап өтті.
Министрдің сөзінше, жексенбі күні кемеден 19 елдің 94 жолаушысы эвакуацияланған.
Сондай-ақ ол MV Hondius кемесі порттан кеткеннен кейін Испания билігі порт аумағында дезинфекция жұмыстарын жүргізетінін хабарлады.
Бұған дейін ДДҰ MV Hondius лайнерінен эвакуацияланған жолаушыларға 42 күндік карантинді ұсынған болатын.
Ал круиздік лайнердегі 150 жолаушының арасындағы 17 америкалық Испанияның Тенерифе аралына эвакуацияланған болатын. Өлімге әкелуі мүмкін хантавирус індетінен кейін АҚШ-тың жеті штаты америкалық жолаушыларды қабылдауға және бақылауға дайындалып жатыр.