Ханзада емес: мәртебесінен айырылған Эндрю енді қайда тұрады
АСТАНА. KAZINFORM - Ұлыбритания королі ІІІ Карлдың інісі (бейсенбіге дейін ханзада Эндрю атанып келген) Эндрю Маунтбеттен-Виндзор енді Виндзор сарайынан Сандрингемдегі корольдік иелігіндегі жерге көшеді.
Эндрюдің жаңа қонысы корольдің жеке қаражаты есебінен қаржыландырылмақ, яғни салық төлеушілердің ақшасы жұмсалмайды, деп хабарлайды BBC News.
Эндрю Виндзордағы үйінен шамамен 225 шақырым қашықтыққа, яғни елдің солтүстік-шығысына қарай қоныс аударады. Бұл – Лондонда тұратын ІІІ Карл патша мен Камилла патшайымнан, сондай-ақ Виндзорда орналасқан Уэльс ханзадасы мен ханшайымынан алыстау жер.
Виндзордағы бұрынғы ханзада тұрып жатқан Ройял Лодж сарайын жалдау келісімін бұзу жөніндегі өтніш бейсенбі күні берілді.
Сол күні-ақ Карл ІІІ патша Эндрюді атақтары мен лауазымдарынан айырды және оның Джеффри Эпштейнмен байланысына қатысты жаңа мәліметтер шыққан соң Виндзордағы үйін босатуды өтінді.
BBC тілшісіне сұхбат берген патшалық шежірешісі Роберт Хардманның айтуынша, бастапқыда көпшілік Эндрюді Виндзор иелігіндегі басқа үйге – мысалы, Фрогмор-коттеджге көшеді деп болжаған.
— Бірақ олай болмай шықты. Ол Виндзорды, тіпті корольдік Беркширді түгел тастап кетіп барады. Былайша айтқанда, оны M11 трассасымен патшалық «Сібірге айдағандай», өмірінің қалған бөлігін Сандрингемде өткізеді, — деді Хардман.
Осыған дейін Ұлыбритания королі інісін барлық атағы мен резиденциясынан айырғаны туралы жаздық.