Харбин қысқы Азия ойындарына өтініш берген елдер саны рекордтық көрсеткішке жетті
БЕЙЖІҢ. KAZINFORM – Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, 2025 жылы Харбин қаласында өтетін дүбірлі дода тарихта ең көп ел қатысқан қысқы Азияданың бірі болмақ.
![Харбин қысқы Азия ойындарына өтініш берген елдер саны рекордтық көрсеткішке жетті Харбин қысқы Азия ойындарына өтініш берген елдер саны рекордтық көрсеткішке жетті](/static/img/plug.webp)
Қазіргі уақытта 34 ел/аймақтың олимпиадалық комитеттері Харбин қысқы Азия ойындарына қатысуға өтініш беріп үлгерді.
Айта кетерлігі, 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өткен қысқы Азия ойындарына 32 ел/аймақтан 1 147 спортшы бақ сынаған болатын.
IX қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Харбин қаласында өтеді. Жарыстар аясында спортшылар 12 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Аталмыш қала қысқы Азия ойындарын екінші мәрте өткізгелі отыр. Бұған дейін, ІІІ қысқы Азия ойындары 1996 жылы осы қалада өтіп, 17 ел/аймақтан келген 458 спортшы сынға түскен болатын. Қазақстан құрамасы сол жылы 14 алтын, 9 күміс, 8 қола (барлығы 31) жүлдемен жалпы есепте жарыс қожайынынан кейінгі 2-орыннан көрінген.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҰОК өкілдері Харбин қысқы Азия ойындарына дайындық семинарына қатысқанын жазған едік.