Хасан Қасымбаев ісі бойынша сотталушылар соңғы сөзін айтты

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Талғарда Хасан Қасымбаев пен тағы бес сотталушыға қатысты атышулы іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 

Хасан Қасымбаев ісі бойынша сотталушылар соңғы сөзін айтты
Фото: Еламан Тұрысбеков/Kazinform

Кезекті отырыста сотталушылар соңғы сөзін айтты.

Әуелі Руслан Әлиев сөйледі. Ол «Бұзақылық» бабы бойынша өз кінәсін мойындайтынын және соттан әділ шешім шығаруды сұрады.

Мадияр Қалимжанов та «Бұзақылық» бабы бойынша тағылған айыппен келісіп, басқа эпизодтарды жоққа шығарды. Ол жәбірленушінің анасынан кешірім сұрап, сотты әділдікке үндеді. Қалимжановтың сөзінше, «кінәсіз адамдар зардап шекпеуі керек».

Хасан Қасымбаев та соңғы сөзін айтты. Ол сөзін «өзімді ақтау үшін емес, әділдік үшін айтып тұрмын» деп бастады. Оның айтуына қарағанда, қылмыстық іс қолдан жасалған және тек жәбірленушілердің айғақтарына негізделген.

— Бұл іс Шерзат Полатты өлімінен пайда болды. Қоғамды тыныштандыру үшін бір «кінәлі» керек болды, сол адам етіп мені таңдады. Алайда шындық жеңуі керек. Дәлелсіз адамды айыптау — тек маған емес, менің отбасыма да жасалған әділетсіздік, — деді ол.

Қасымбаев тергеу барысындағы заң бұзуға жоғары органдардың неге көз жұмып отырғанына таңданыс білдірді.

— Мемлекеттік айыптаушы менің құқығымның бұзылғанын, істің шикі екенін біле тұра, 15 жыл бас бостандығымнан айыруды сұрады. Бұл — әділетсіз әрі заңға қайшы. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз, мұндай бассыздық болмауы керек, — деді сотталушы.

Ол бұған дейін ешқашан қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын, кәмелетке толмаған балалары барын және өмір бойы заңға бағынған азамат болғанын атап өтті.

Сонымен қатар Хасан Қасымбаев өз сөзінде жәбірленуші фитнес-жаттықтырушы Арман Әлімовті жалған ақпарат таратты деп айыптап, оның өзін қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет екенін айтты. Оның пікірінше, Әлімов заңсыз істермен айналысқан, бұған қоса, қоғамды адастырып отыр.

Қасымбаев екінші жәбірленуші, кәсіпкер Әріпжан Тәжиевтің өзіне тағылған айыптаудан бас тартқанын айтты. Оның ойынша, бұл жағдай өзінің кінәсіз екенін көрсетеді.

— Неліктен бұл адамдар жауапқа тартылмайды? Маған Шерзат Полат ісінен кейін «қоғамды тыныштандыру үшін» жалған айып тағып, кінәлі етті. Әділдік қайда? Жәбірленушілердің сөздері дәлелмен расталуға тиіс еді, бірақ олай болмады. Мен тергеу изоляторында бір жылдан астам уақыттан бері отырмын. Осы уақыт ішінде отбасым қатты қиналды. Балаларым мені күтіп отыр, оларға менің қолдауым керек. Бір жалған куәлік үшін адамның тағдырын талқандауға бола ма? — деді ол.

Сондай-ақ, Қасымбаев Арман Әлімовтің өзін «Хутор» деп аталатын қылмыстық топтың басшысы деп жалған айыптағанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, ІІМ мұндай топтың жоқ екенін ресми түрде мәлімдеген.

— Соттан менің және отбасымның өмірін талқан етпеуді сұраймын. Құдай мен заң алдында ақпын. Сот әділ шешім шығарады деп сенемін, соңғы үмітім — сізде. Мені ақтауыңызды сұраймын, — деді Хасан Қасымбаев.

Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков және Данияр Асқаров БАҚ алдында сөйлеуден бас тартты. Журналистерді залдан шығарып, басқа бөлмеге кіргізгеннен кейін сотталушылар өз кінәсін мойындамайтынын және тағылған айыптардың негізсіз екенін мәлімдеді.

Айыпталушылардың бірі жәбірленуші Арман Әлімовті жалған куәлік берді деп айыптап, оның өзі де есірткі таратуға қатысы бар болуы мүмкін екенін айтты.

Олар сөз соңында соттың әділ шешім шығаратынына үміт артатынын айтты.

Сот алқасы барлық айыпталушы сөйлеп болған соң кеңесу бөлмесіне кетті. Хасан Қасымбаев пен өзге де сотталушыларға қатысты үкім 11 қараша күні сағат 10:00–де жарияланатын болды.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Хасан Қасымбаевты 15 жылға бас бостандығынан айыруды, ал өзге сотталушыларға 9 жылдан 22 жылға дейін жаза тағайындауды сұраған еді.

Іс бойынша сот процесі 20 тамызда басталды. Алғашқы отырыстардың өзінде-ақ қорғаушылар прокурор Назгүл Тәуекенбайды істен шеттету туралы өтініш беріп, судья Айнагүл Тұқубаева бұл өтінішті қанағаттандырған еді.

Сот отырысы ашық режимде өтіп жатқанымен, бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірқатар шектеу қойылған: журналистер сот отырысын көршілес кабинеттен бейнетрансляция арқылы бақылайды.

Хасан Қасымбаевпен бірге айыпталушылар орындығында Руслан Әлиев, Мадияр Қалимжанов, Сайлау Ақжанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров отыр.

Олардың бәріне Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған: адам ұрлау, қасақана ауыр жарақат салу және қорқытып ақша алу. 

Соңғы жаңалықтар