Хасан Қасымбаевқа қатысты сот аяқталуға жақын
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Талғарда Хасан Қасымбаев пен тағы бес айыпталушыға қатысты атышулы сот процесі аяқталуға жақын.
Бүгін, 10 қарашада сотталушылар соңғы сөзін айтуға тиіс. Осы уақытта аудандық сот ғимаратының алдына ондаған адам – Қасымбаевтың туыстары, жақындары мен оны қолдаушылары жиналды.
Олардың айтуынша, айыптаулар тек жәбірленушілердің түсініктемелеріне негізделген және өзге айғақтар жеткіліксіз. Жиналғандар соттың әділ шешім шығаруын талап етіп жатыр.

Сот ғимаратының алдында полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем көлігі кезекшілік етуде.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Хасан Қасымбаевты 15 жылға бас бостандығынан айыруды, ал өзге сотталушыларға 9 жылдан 22 жылға дейін жаза тағайындауды сұраған еді.
Іс бойынша сот процесі 20 тамызда басталды. Алғашқы отырыстардың өзінде-ақ қорғаушылар прокурор Назгүл Тәуекенбайды істен шеттету туралы өтініш беріп, судья Айнагүл Тұқубаева бұл өтінішті қанағаттандырған еді.
Сот отырысы ашық режимде өтіп жатқанымен, бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірқатар шектеу қойылған: журналистер сот отырысын көршілес кабинеттен бейнетрансляция арқылы бақылайды.
Хасан Қасымбаевпен бірге айыпталушылар орындығында Руслан Әлиев, Мадияр Қалимжанов, Сайлау Ақжанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров отыр.
Олардың бәріне Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған: адам ұрлау, қасақана ауыр жарақат салу және қорқытып ақша алу.