Хасан Қасымбаевқа қатысты тергеу аяқталды ма
АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Хуторлықтар» атты ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі деп танылған Хасан Қасымбаевқа қатысты тергеу қашан аяқталды.

Бұқаралық ақпарат құралдарында Хасан Қасымбаевқа қатысты тергеу аяқталып, сотқа жолданғаны туралы ақпарат тарап жатыр.
Алайда Кazinform агенттігі жолдаған сауалға жауабында Алматы облыстық Полиция департаменті оны жоққа шығарды.
– Бірқатар БАҚ-та Хасан Қасымбаев және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық істің сотқа жолданғаны туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат жарияланды. Аталған қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, қазіргі уақытта іс материалдары тараптарға танысу үшін ұсынылған. Танысу процесі аяқталғаннан кейін іс айыпталушыларды сотқа беру мәселесін шешу үшін прокуратураға жолданады, - деп хабарлады Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Облыстық сот өкілдері іс материалдары сотқа түспегенін мәлімдеді.
Еске салайық, былтыр қараша айында Хасан Қасымбаев қамауға алынған болатын.
Бұған дейін 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімінен кейін талғарлықтар оны «Хуторские» тобының басшысы болуы мүмкін екенін айтқан еді.
Кейін Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов кәсіпкер Хасан Қасымбаевқа қатысты түсінік берді.
Сондай-ақ Бас прокуратура Талғарда адам ұрлап, ұрып-соғуға қатысты істі қайта қарады.
Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі күдіктігі қатысты тағы қандай айып тағылғаны туралы ақпарат таратты.