Хасан Қасымбаевқа сот үкімі шықты

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаев пен тағы бес сотталушыға қатысты үкім жарияланды. 

Хасан Қасымбаевқа сот үкімі шықты
Фото: видеодан алынған скрин

Хасан Қасымбаевпен бірге айыпталушылар орындығында Руслан Әлиев, Мадияр Қалимжанов, Сайлау Ақжанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров отыр.

Олардың бәріне Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған: адам ұрлау, қасақана ауыр жарақат салу және қорқытып ақша алу.

Сот үкімімен Хасан Қасымбаев кінәлі деп танылып, оған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Істің мән-жайы

Тергеу материалдарына сәйкес, айыптау екі эпизод бойынша тағылған. Жәбірленушілер ретінде кәсіпкер Әріпжан Тәжіев пен фитнес-жаттықтырушы Арман Әлімов танылған.

Соттағы жағдай

Іс қоғам назарын аударғандықтан, Талғар аудандық сотының ғимараты күшейтілген күзетке алынды. Сот аумағында және сыртында полиция қызметкерлері кезекшілік етті, сот маңындағы қозғалыс уақытша шектелді.

Сот отырысына көп адам — негізінен айыпталушылардың туыстары жиналды. Залда кей сәттерде айғай-шу байқалды. Кісі қарасы көп болғандықтан, журналистер процесті көршілес кабинеттен бақылаған.

Отырыс кезінде кейбір сотталушылар бейнежазба жүргізуге қарсылық білдіріп, түсірілімді тоқтатуды талап еткен. Олар күзет тұрған кабинаның әйнегін ұрғылаған.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Қасымбаевқа — 15 жыл, ал қалған сотталушыларға 9 жылдан 22 жылға дейінгі мерзім сұраған болатын. 

Еске салайық, Хасан Қасымбаев былтыр қараша айында қамауға алынды.

Хасан Қасымбаевқа адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және бопсалау фактілері бойынша айып тағылды.

Бас прокуратура Талғарда адам ұрлап, ұрып-соғуға қатысты істі қайта қарады.

Алматы облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы осы жылдың 21 шілдесінде істі айыптау актісімен облыс прокуратурасына жолдаған. Ал облыс прокуратурасы 29 шілдеде іс бойынша құрылған айыптау актісін бекітіп, істі негізінен қарау үшін Талғар аудандық сотына жолдады.

Іс бойынша сот процесі 20 тамызда басталды. Алғашқы отырыстардың өзінде-ақ қорғаушылар прокурор Назгүл Тәуекенбайды істен шеттету туралы өтініш беріп, судья Айнагүл Тұқыбаева бұл өтінішті қанағаттандырған еді.

Сот отырысы ашық режимде өткенімен, бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірқатар шектеу қойылды: журналистер сот отырысын көршілес кабинеттен бейнетрансляция арқылы бақылады.

Кеше, 10 қарашада Хасан Қасымбаев ісі бойынша сотталушылар соңғы сөзін айтты.

Соңғы жаңалықтар