Хасан Қасымбаевтың Шерзат ісіне қатысы бар ма — адвокат жауабы
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаев және өзге 5 айыпталушыға байланысты сот отырысы өтті.

Айыпталушылар орындығында Хасан Қасымбаев, Руслан Әлиев, Мадияр Қалимжанов, Сайлау Ақжанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров отыр. Олардың барлығына Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған — адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және қорқытып алу.
Сот отырысында жәбірленуші — фитнес-жаттықтырушы Арман Әлиев Қасымбаевпен 2016 жылдан бері таныс болғанын, ал қалған айыпталушыларды алғаш рет қылмыс кезінде көргенін айтты.
— Менің тек Хасан Қасымбаевпен ғана араздығым болды, ал басқаларымен ешқандай байланысым болған жоқ, білмеймін де, — деді ол.
Қасымбаевтың адвокаты Ерлан Мендешев өз кезегінде істі тоқтату туралы өтініш білдірді. Оның айтуынша, іс қылмыстық-процестік заңнаманы бұза отырып қозғалған. Қорғаушының сөзінше, іс 2024 жылғы 25 қазанда заңсыз түрде тіркелген. Ал қалған 5 айыпталушыға қатысты 2024 жылдың шілдесінде ҚК-нің 125-бабы («Адам ұрлау») және 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша үкім шыққан.
Қорғаушы бұл іс бойынша Қасымбаев 2021 жылдан бері бірнеше рет жауап берген, беттестіруге қатысқан және оған қатысты тергеу сол кезде тоқтағанын атап өтті.
Ал адвокат Маулен Ержанов өз қорғауындағы азаматтың тағылған айыптарды мойындамайтынын айтты. Оның сөзінше, Қасымбаевтың кінәсі жеткілікті дәлелдермен расталмаған, ал тергеу барысында қылмыстық-процестік кодекс талаптарының көптеген бұзушылықтарына жол берілген.
Бұған дейін Шерзат Полат ісіндегі айыпталушылардың мүддесін қорғаған Гүлмира Бабажанова іске Хасан Қасымбаевтың тағы бір адвокаты ретінде қатысты. Ол алдыңғы соттың Қасымбаев ісіне еш байланысы жоқ екенін атап өтті. Айтуынша, бұл іске Шерзат соты аяқталғанынан кейін кіріскен.
Алайда жәбірленушілер істі тоқтатуға қарсы шықты. Жәбірленуші тарап бұл жолы әділдік орнайды деген үмітте. Судья барлық өтініш пен мәлімдемелер алдағы отырыстарда қаралатынын атап өтті.
Еске салайық, сот басталғаннан кейін айыпталушылардың адвокаттары прокурорды ауыстыруды өтінді.
Судья Айнагүл Тұқыбаева бұл өтінішті қанағаттандырып, мемлекеттік айыптаушы залдан шықты. Сот отырысы екінші прокурор — Ерлан Құланбаевтың қатысуымен жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, Хасан Қасымбаев былтыр қараша қамауға алынды.