«Хаус-мастер» – Қазақстан колледждері жаңа мамандыққа оқыта бастады

Алматы құрылыс-техникалық колледжінің базасында жаңа мамандық бойынша 25 адам білім алуды бастап кеткен.
Департамент директоры Ернат Жүнісовтың айтуынша, студенттер электр-газбен дәнекерлеуші, сантехник және жарықтандыру жүйелерін монтаждау құзыреттерінің кең ауқымы бойынша білім алады.
«Хаус-мастер біліктілігі бойынша мамандарды даярлау оқу орнының басым бағыты болады. Жаңа тәсіл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мамандардың кәсібилігі мен құзыреттілігін арттырады. Себебі көпқабатты тұрғын үйлерді салу және пайдалануға беру өзекті мәселелердің бірі», - дейді Ернат Жүнісов.
Министрлік мәліметінше, аталған біліктілік «PROMHOUSE – Қазақстан мен Өзбекстанда тұрғын үй қорын басқаруды кәсібилендіру» жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Айта кетейік, жаңа біліктілік бойынша оқыту Алматы және Астана қалаларында, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізіледі.