Хавьер Милей Аргентина президенті қызметіне кірісті

Хавьер Милей Аргентина президенті қызметіне кірісті
Фото: Gustavo Gavotti/infobae.com

Хавьер Милей кеше Аргентина президенті қызметіне кірісті. Либертариандық экономист Ұлттық конгресс ғимаратында ант қабылдады, ал экс-президент атанған Альберто Фернандес оған ту түстес лентаны тақты. Kazinform бұл туралы Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Залдағы Милей жақтастары оны «Еркіндік» деп дауыстап қарсы алды.

Жаңа президент дәстүрді бұзып, ұлықтау рәсіміндегі сөзін жиналған заң шығарушылардың емес, парламент ғимараты алдындағы сайлаушылары алдында сөйледі.

Аргентиналық көшбасшы қазынада ақша жоқ екенін және елді есеңгірететіндей курс өзгерісі, нақтырақ айтқанда шығындарды бірден қысқарту күтіп тұрғанын ескертті.

Салтанатты рәсімге Украина президенті Владимир Зеленский, король Фелипе VI мен әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған әсіреоңшыл саясаткерлер, оның ішінде Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан, испаниялық Vox партиясының басшысы Сантьяго Абаскаля мен Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсанару қатысты.

Буэнос-Айреске Бразилия басшысы Лула да Силва мен Мексика президенті Лопес Обрадор сынды солшыл көшбасшылар барған жоқ.

Бұған дейін Аргентинадағы президент сайлауының екінші турында фаворит саналмаған әсіреоңшыл саясаткер Хавьер Милей күтпеген жерден 56 пайыздан астам дауыс жинап, жеңіске жеткенін хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар