Хай-тек білім қызметінде - ҚР Білім және ғылым министрімен сұхбат

- Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінде Азия Даму Банкі жүргізген зерттеулер қорытындысы бойынша білім беру индексін дамыту жөнінде Қазақстан 1-ші орында тұр. Халықтың білім деңгейі 99,5%-ы құрап, 177 елдің ішінде 14-ші орынға шықты. Адамдардың дамуы индексі бойынша біздің еліміз соңғы 12 жыл ішінде 20 орынға алға жылжып, қазір 73-ші орынға орнықты. ЮНЕСКО-ның статистика институты жүргізген «Теңсіздікті еңсеру: басқарудың маңызды рөлі» мониторингінің қорытындысы бойынша Қазақстан Жапония, Германия, Норвегия сияқты мемлекеттердің өзін артқа тастап, 129 елдің арасынан 1-ші орынды иеленіп отыр. Ұлттық білім беру моделін құру бағытындағы жаңа мемлекеттік саясат нәтижесінде, еліміздегі білім беру жүйесі үздіксіз даму және жетілдірілу үстінде. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында әлеуметтік маңызды бағдарламаларға, оның ішінде білім сапасын арттыруға баса мән берілген. Әлемдік білім беру кеңістігін ықпалдастыру - Қазақстан ұстанып отырған саясаттың басты бағыттарының бірі, бұл мәселені шешудің жолдары жаңа технологиялар мен оқу құралдарын белсене пайдалану, білім беру қызметінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, біздің оқытушылардың кәсіби жоғары біліктілігін мойындату болып табылады. Бәсекеге қабілеттілік - кез келген елдің дамуының өзекті мәселесі, өйткені, дәл осы көрсеткіш халықтың өмір сүру деңгейі мен тұрмысын анықтайды. Қазақстанның бірыңғай еуропалық білім беру кеңістігіне енуі Болон үрдісінің базалық ұстанымы негізінде жүзеге асырылады: көпсатылы жоғары білім жүйесін енгізу, студенттер мен оқытушылардың академиялық бейімделгіштіктерін қамтамасыз ету, білім беру сапасына бақылау жасау және т.б. Біздегі жоғары оқу орындар көптеген халықаралық рейтингтерге шығарылады және басқа да білім беру сапаларын анықтайтын жобаларға қатысады. Елімізде көп сатылы жүйеге мамандар (бакалавриат, магистратура, докторантура, РһD.) дайындауға өтуді қамтамасыз ететін нормативтік-құқықтық база жасалды. Бізде өткен жылдың қыркүйек айында Ұлыбритания, Испания, АҚШ, Чехия, Ирландияның 27 жетекші жоғары оқу орындарының қатысуымен халықаралық форум өтті. Бұрыннан бергі келе жатқан достық қарым-қатынастар біздерді ресейлік білім ордаларымен тығыз жақындастырады. «Болашақ» стипендиясы ауқымында, біз жыл сайын еліміздің жүздеген студенттерін негізінен - инженерлік, техникалық және медициналық мамандықтар бойынша Ресейге білім алуға жібереміз. Жастардың айтарлықтай бөлігі онда өз беттерімен де оқып жатыр. Астанада М.Ломоносов атындағы ММУ филиалы ашылып, табысты ойдағыдай жасап жатыр. Біздің еліміздің университеттерімен тікелей байланыс орнатылып, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтарға қол қойылғандықтан, көптеген ресейлік профессорлар мен оқытушылар қазақстандық білім беру мекемелерінде түрлі лекциялар оқиды. Біздер үшін мұның маңызы өте зор.
- Болон үрдісіне ену кез келген мемлекеттен ұлттық білім жүйесін жаңартуды талап етеді. Сіз қандай ұлттық жетістіктер мен дәстүрлерді маңызды деп есептейсіз, қандай үлгілерден бас тартуға болмайды деп ойлайсыз?
- Ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойы қалыптасып келе жатқан сабақтастықты сақтай білуіміз қажет. КСРО кезінде негізі қаланған, өзіміздің білім беру моделімізді жоғары бағалаймыз және оны дамыта түсуге ұмтыламыз. Оның негізгі жетістігі - іргелілік пен орта және жоғары мектептерде жаратылыстану-ғылыми пәндерді оқыту деңгейінің жоғарылығы. Бұл мәселе бойынша біз субьективті тұрғыда баға беріп отырғанымыз жоқ, мұның барлығы қазақстандық мектеп оқушылары мен студенттердің түрлі деңгейдегі халықаралық олимпиадалардағы жеңістерімен дәлелденген. Біз, осы деңгейді бұдан әрі сақтап қалуға тырысамыз. Әрине, еуропалық білім жүйесінің талас тудырмайтын жақтары да аз емес. Сондықтан да, біздің міндетіміз, ұлттық дәстүрімізді сақтай отыра, өзіміз және еуропа университеттері жасаған озық үлгілерді ұштастыру болмақ. Елімізде қашықтан білім беру технологиясы саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жетті. 2007 жылы ҚР Президенті on-line жүйесі бойынша оқытуды дамытуға тапсырма берді. «Оn-line оқу жүйесі» жобасы ауқымында, мектептерде математика, физика, химия, биология, тарих, география, астрономия және шет тілдері пәндері бойынша сабақ өткізуге мүмкіндік беретін, бес пәндік кабинеттен тұратын, жаңа функционалдық интерактивтік қондырғылар енгізіле бастады. 2007 жылғы қыркүйектің 3-інде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі мектеп оқушылары үшін on-line жүйесінде интерактивтік сабақ өткізді. Өткен жылы Қазақстанның көптеген мектептерінде арнайы интерактивтік сынып бөлмелері ашылды. Бұл жұмыс жалғасын таба беретін болады. Біз үш мыңнан астам мектепке интерактивтік тақта орналастырдық және оларды кең жолақты Интернет арқылы өзара байланыстырдық. 70%-дан астам қазақстандық жасөспірім жоғары ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін пайдалануда. Министрлікте, менің кабинетіммен жапсарлас арнайы интерактивтік студия орналасқан, өткен жылы сол арқылы еліміздің үздік ұстаздары мен көрнекті мемлекет қайраткерлері 60-тан астам сабақ өткізді. Міне, осылайша, бізде мұғалімдер, ата-аналар және БАҚ өкілдерінің қатысуымен, мәжілістер, педкеңестер, семинарлар мен конференциялар өткізудің мүмкіндіктері пайда болды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдері бойынша мультимедиалық оқыту бағдарламалары жасалды. Қазақстан - екі тілді мемлекет. Ендігі жерде біз алдымызға үлкен міндет жүктеп отырмыз - ол, ағылшын тілін үйрену. Оқу құралдары модульдік ұстаным бойынша құрылғандықтан, оқушылардың өз бетімен жұмыс жасауларына оңтайлы болады. Тіл бағдарламалары бірнеше тақырыптық блоктарды қамтиды (мемлекет тану, жеке қарым-қатынас, дәстүр, көркемөнер, салауатты өмір салты, ғылыми-техникалық прогресс және т.б.) және де тақырыптар оқу бағдарламасының үлгісіне сәйкес әр мектепке белгіленіп беріледі. Қазақстанда дарынды балаларды анықтау, қолдау және оларды оқыту жөнінде жалпы мемлекеттік жүйе құрылған. Жаңадан 150-ге таяу арнайы мектептер ашылды. Біздің балаларымыздың халықаралық олимпиадаларға қатысу белсенділігі өте жоғары. ҚР құрама командасының қоржыны өткен жылы 62 алтын медальмен толықты. АҚШ-та, 52 елдің оқушылары арасында өткен олимпиадада біз бірінші ондықтың құрамына ендік. Қазақстан өзге де 67 елмен қанаттаса отырып, халықаралық TIMSS салыстыру зерттеулеріне қатысты. Біздің мектеп оқушыларымыз математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша өткізілген халықаралық емтихандарға қатысып, сынақты жемісті аяқтады, олар тиісінше 5 және 11 орындарды иеленді. Көптеген шетелдік ғалымдар, ұстаздар және БАҚ өкілдері біздің еліміз иеленген жеңістерді мойындады. Келесі қадам - PISA мектеп оқушыларының жетістіктерін бағалау жөніндегі бағдарламаға қатысу.
- Қазіргі таңда біздің еліміздегі ұстаздар қауымының жағдайлары қандай? Педагогикалық білім саласын реформалауды жоспарлап отырсыздар ма?
- «Білім туралы» ҚР Заңының жаңа редакциясына педагогика қызметінің мәртебесі туралы ерекше бап енгізілді. Бұл бап ұстаздардың қоғамдағы мәртебесін көтереді және бірқатар жеңілдіктер қарастырады. Бұл - өте маңызды. Өкінішке орай, өткен ғасырдың 90-шы жылдары көптеген мүмкіндіктер қолдан шығып кетті, ендігі мақсат сол кемшіліктердің орнын толтыру. Біздің алдымызда тұрған міндет - мұғалімдер дайындаудың сапасын арттыру, біз мұғалімдер дайындайтын жаңа ЖОО ашып жатырмыз, болашақ ауыл мұғалімдері үшін оқуға түсуге квоталар бөліп, басқа да жеңілдіктер жасап жатырмыз. Қазақ білім академиясы өз мәртебесін ұлттық деңгейге дейін көтерді. Елімізде мектепке дейінгі мұғалімдер дайындайтын арнайы орталықтар мен білім сапасын ұлттық бағалау орталықтары ашылды. Олардың мақсаты - оқу-әдістемелік материалдар, оқулықтар, орта білім саласына арналған нормативтер мен стандарттар дайындау.
- Ресейде елдегі ірі білім беру ордалары жанынан арнайы педагогикалық факультеттер ашумен алмастыру идеялары жиі көтеріле бастады. 17 жастағы жасөспірімнің ұстаздық мамандықты жете түсініп таңдай қоюы екіталай. Сондықтан да, арнайы педагогикалық магистратуралар бар, батыс елдерінің жолын ұстанғанымыз дұрыс емес пе?
- Қазіргі сәтте батыстық жолға көшудің қажеті жоқ, өйткені, арнайы оқу орындарында мұғалімдер дайындаудың жақсы әдісі өзімізде бар деп есептеймін. Осыны сақтап қалуымыз керек.
- Қазақстан - үлкен мемлекет. Сондықтан да аумақтық және жаңа сандық технологияны игеруде кемшін тұстар жоқ емес, орталықтан шалғай жатқан елдімекен тұрғындарының кең жолақты Интернет қызметіне қолдары жете бермейді немесе қызмет түрлері тым қымбат. Бұл мәселелер шешімін қалай табады?
- Біз осы мәселелерді еңсерумен шындап айналысып жатырмыз, жаңа ақпараттық технологияларды үйрену арқылы аталған қиындықтарды жеңеміз. Нақты мысал: еліміздің барлық аудан мектептеріне интерактивтік тақталар орнату және оларды интернет арқылы біртұтас торапқа біріктіру, әр мектепте не болып жатқандығын біліп отыру үшін және ұстаздар және ата-аналармен кездесулер өткізіп отыру үшін, маған министр ретінде ауадай қажет. «Қазақтелеком» АҚ-ы мектептерге интернет-байланыс орнатуда ерекше жеңілдіктер жасап келеді. «Қазақтелеком», Ақпарат және байланыс агенттігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен оңтүстіккорейлік фирма арасында біздің еліміздегі интернет-білімді жетілдіру туралы келісімге қол қойылды, оның жекелеген бабында ұлттық электрондық кітапхана ашу көрсетілген.
- Студенттерді оқудан шығара бастау қоғамда үлкен толқыныс тудыра жаздады. Осыны реттеу үшін министрлік қандай шаралар қабылдады?
- Барлық саланы қамтып алған әлемдік қаржы дағдарысы студенттердің де төлем қабілеттілігіне кері әсерін тигізді. Көптеген студенттер, ата-аналарының қысқартуға түсіп қалуларына байланысты оқу ақыларын дер кезінде төлей алмады. Осы мәселені шешу үшін, біз мынадай ұсыныстар жасап отырмыз. Біріншіден, студенттік несиенің жеңілдетілген жағдайын қолдану туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ-ы, несие алушы және жоғары оқу орны арасында үшжақты келісім жасалуы керек. Екіншіден, 700 грант беріліп, олар жоғары оқу орындарына таратылады. Үшіншіден, оқу ақысын төлеудің оңайлатылған тізбесі жасалуы керек. 200 мың студенттің оқудан шығып қалғандығы туралы қауесет сөзге айтарым, министрліктің ресми мәліметі бойынша 7 мың студент оқудан шығарылған. Сондай-ақ, осы тізімдегінің жартысынан астамы үлгерімі төмен болғандар және сабаққа қатыспағандар.
- Сөз жоқ, соңғы жылдары білім және ғылым саласында айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Соның ішінде, қандай жетістіктерді бөліп айтқан болар едіңіз?
- Ия, отандық білім беру жүйесі айтарлықтай ілгеріледі. Оның ішіндегі ерекше маңызы бар оқиға деп «Білім туралы» ҚР Заңының қабылдануын айтар едім. 2007-2012 жылдары ғылымды дамыту және 2008-2012 жылдары техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту туралы мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Алғашқы нәтижелер де жоқ емес. 2008 жылы 15 жаңа инженерлік зертхана, 6 инновациялық білім консорциумы ашылды. Еліміздегі 3079 мектеп интерактивтік бөлмелермен жабдықталған. Оқу құралдарының 77%-ы электрондық жүйеге көшірілді. Бұл іс одан әрі жалғасуда. Техникалық және кәсіби білім беруді дамытуға арналған Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында 472 өндірістік оқыту мұғалімдері халықаралық жоба бойынша біліктілігін көтерді. Барлық ірі ұлттық компаниялардың өздеріне қажетті жоғары білікті мамандар дайындайтын оқу орталықтары тіпті, кәсіптік-техникалық білім беретін орта оқу орындары болса дейміз. Біздің екі жоғары оқу орны халықаралық тіркеуден өтті. Білімді қаржыландыру 331,5 млрд-тан, 627,3 млрд. теңгеге дейін, екі есеге өсті. Менің айтқандарымның барлығы бір жыл ішінде атқарылғандығын атап өткім келеді. Мұндай жетістіктерге мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жетіп отыр. Мұны мен, ұлттық білім саласын жетілдіру мақсатындағы ойластырылған салиқалы саясат деп ойлаймын.
- Рахмет.