«Хезболла» Әли Хаменейге қастандық жасаудың салдары ауыр болатынын ескертті
АСТАНА. KAZINFORM – Ливандық шейіт қозғалысы мен «Хезболла» тобы және Ирактың ұлы аятолласы Әли Систани Иранның жоғары көшбасшысы аятолла Әли Хаменейге қастандық жасалатын болса, оның соңы қиын болатыны туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Ливан тобының мәлімдемесінде рахбарды өлтірем деп қорқытудың соңы ауыр жағдайға әкеліп соқтыратыны айтылған.
Қозғалыс өкілдерінің сөзінше, осындай мәлімдеме жасаудың өзі исламға табынушы жүздеген миллион адамның намысына тию болып табылады.
- Біз бүгін бәріміз бір адамдай, сенімді түрде оған қорған болып тұрмыз,- делінген мәлімдемеде.
«Хезболла» Израильдің Иранға соққы жасауын айыптағанымен әзірге ашықтан-ашық соғысқа кіріскен жоқ. Израиль тарапынан жасалған шабуылдардың алғашқы толқынынан кейін топ Ливан билігін өздерінің қақтығысқа араласпайтынынан хабардар еткен еді.
Ирак шейіттерінің рухани көшбасшысы аятолла Әли Систани болса, Иран билігіне бағытталған кез келген әрекет өңірде кең ауқымды апатқа ұластыруы мүмкін екенін мәлімдеді.
- Бұл Иран халқының қайғы-қасіретін одан сайын үдете түседі және барлық тараптардың мүддесіне қайшы болады, - деді ол.
Жағдайдың ушыға түсуіне орай Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади АҚШ-ты қақтығысқа тікелей араласудан аулақ болуға шақырды.
Иран БАҚ-тарына берген сұхбатында ол Вашингтон күш көрсетуге ұмтылған жағдайда Иранда оған қарсы қолданатын тәсілдер жеткілікті екенін жеткізді.
- Егер АҚШ Израиль жағына шығатын болса, Иранға қолда бар тәсілдерді қолданып, қарсылық танытуына тура келеді. Біз америкалықтарға Израиль агрессиясын тоқтата алмайтын болса, ең құрымаса жанжалға араласпауға кеңес береміз,- деді ол.
Осыған дейін Трамп Израиль мен Иран арасында бейбітшілік орнатуға уәде бергені туралы жаздық.