ХХ ғасырдың басында қазақтардың арасында тұрған ағылшынның естеліктері алғаш рет қазақша шықты

кітап
Фото: facebook.com/bakhytzhan.bukharbai

АЛМАТЫ. KAZINFORM —  ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ағылшын инженері, Лондон кен өндіру компаниясын басқарған Эдвард Нельсон Феллдің (1857-1928 жж) «Русия һәм көшпелілер. Қазақ даласы туралы хикаялар» атты еңбегі қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді. Осыған орай кітапты жарыққа шығарған азамат, бірнеше кітаптың авторы, AmalBooks баспа үйінің жетекшісі Бақытжан Бұқарбайды әңгімеге тартқан едік. 

Бақытжан Бұқарбай ХХ ғасырдың басында қазақ даласында кен өндіру компаниясын басқарған Эдвард Нельсон Феллдің өмірбаянына қысқаша тоқталды.

«Оның әкесі — ағылшын азаматы Альфред Фелл ХІХ ғасырдың ортасында отбасын алып, Жаңа Зеландияға қоныс аударады. Нельсон сол жақта 1857 жылы өмірге келеді. Ер жеткен соң әкесі оны неміс инженерлік технологиясын меңгерсін деп Гейдельбергке жібереді. Одан бөлек ол Ангияның Корольдік тау-кен мектебінде білім алған. Нельсон алғаш рет еңбекке араласып, ағасы Артурдың қол астында жұмыс істейді. Уақыт өте келе Артур ғаламның басқа бір шетінен мыс өндіру ісінен үлкен болашақ бар екенін бағамдайды, ал інісі бұл жаңа іске нағыз керек адам болады. Осылайша Нельсон әйелі мен балаларын Флоридада қалдырып, климаты қатал Сібір өлкесіне аттанады. 1901 жылы қазақ даласына барады. 1902 жылы қаңтарда Н.Фелл Транссібір теміржолының пойызына мініп, 3 200 шақырымды құрайтын саяхатқа шығады. Соңғы мың шақырымды атпен жүріп өткен. Лондонға оралған соң ағасына Спасск мыс кеніштерін сатып алып, өндіріс жүргізсе үлкен байлыққа кенелуге болатынын жеткізеді. Көп ұзамай отбасын Флоридадан көшіріп, қазақ даласына алып барады. Осылайша күміс пен мыс өндіру кәсібінің арқасында 52 жастағы Нельсон ауқатты адамға айналады. 1909 жылы зейнетке шығып, АҚШ-қа барып, сол жерде 1928 жылы өмірден өтеді», — дейді Бақытжан Бұқарбай.

1916 жылы Лондонда, кейін Нью-Йоркте Нелсьон Феллдің Қазақстандағы мыс кеніштерінде өткізген жылдары туралы жазған естеліктері кітап болып басылып шығады.

«Феллдің еңбегі қазіргі оқырманға өткен ғасырдың басында қазақтың дәстүрлі өмір салты қалай өрбігенін бағамдауға мүмкіндік береді. Кітабының алғашқы абзацында-ақ автор қазақ даласы батыстық ойлау жүйесінің, мәдениеті мен дінінің талбесігі екенін атап өтеді. Ал қазақтардың қатал қыста жартылай жеркепеде паналайтынын ашына айтады. „Мұнда ерлер мен әйелдер он екі айдың жеті айын өткізеді. Балалар өмірге келіп, қарттар өмірден өтіп жатады. Осынау қарабайыр қабырғаларда сәби жанында нәзік те мейірбан ойлар бүр жарып, әлемді дүр сілкінткен ұлы идеяларға жан бітеді. Алайда бүкіл өзгерістерге қарамастан бұл идеялардың бәрі қыстақтың тұншықтыратын тар бөлмесінде емес, ашық аспандағы мыңдаған жұлдыздардың астында, киіз үйлерде туындағанын ұмытпаған жөн. Мұндай өзгермелі тіршілікте бұл халық өзінің болмысын қашанғы сақтап тұра алар деген ойға берілесің“ дейді ол. Сондай-ақ Нельсон Фелл далалық аймақта көп сапар шеккен, Павлодарды көріп, Қоянды жәрмеңкесіне, Балқаш көліне барады, әйгілі қазақ байының асында болып, бүркітпен аң аулауға қатысады», — дейді аудармашы.

Кітапта айтылған оқиғалар Ресейді апаттық жағдайға жеткізіп, елде революциялық жағдай, халықтық толқулар мен бүлік тудырған орыс-жапон соғысы кезінде өрбиді.

Империяның батысы мен орталығы тұсында өтіп жатқан оқиғалардың жаңғырығы алыс далада тұйық орналасқан зауытқа да жетеді.

Жұмысшыларға жалақы төлеу керек, уақытында төленбесе ереуіл басталады. Сол кезде мәселені шешуге қазақтар көмектеседі.

кітап
Фото: facebook.com/bakhytzhan.bukharbai

«Далалық аймаққа аты шыққан бай Адамбай оған қарызға 20 мың рубль беретін кездегі эпизод аса қызықты суреттелген. Бұл ретте жүз жыл бұрын қазақтар арасында қалыптасқан іскерлік этикеттің элементтерін байқауға болады. Ал Ресейдің оңтүстік-батысынан қоныс аударып келгендер ұйымдастырған ереуіл оты тұтанған кезде қазақтар шетелдіктерге тағы да көмектесіп, ашынған тобырдан аман алып қалады. Нельсон Фелл қазақ жұмысшыларына жылы шыраймен қарайды. Тіпті олар орыстардың айтағымен ереуілге шыққан кезде де оларға тіс қайрамайды. „Мұндай шарасыз әрі ақпейіл адамдарға одан әрі қаталдық таныта беру мүмкін емес“ дейді ол. Автор әсіресе жүк тасушылардың адалдығына тәнті болады. „Қазақ жұмысшы (әлбетте оқи да, жаза да алмайтын) сіз қалам ұстап, есімін жазып бергенде қосарлана ол да ұстап тұрып, қол қойғандай ишара жасайды, сөйтіп көліктің жүкқұжатына оған тапсырылған тауар заманауи банктің қорғауында жатқандай сенімді сақталады“ дейді Фелл. Ол жалпы қазақ халқының тұрмысы мен әдептері туралы құнды этнографиялық мәліметтер жазып қалдырады, тіпті, дала халқының жанына үңіле білгенге ұқсайды. Хикаяларын оқи отырып, автордың әзілмен астарлап жеткізген тұстарына оқырман ара-тұра еріксіз еріксіз езу тартады», — дейді Бақытжан Бұқарбай.

Бақытжан Бұқарбай кітапты ағылшын тілінен орыс тіліне аударған. Ал орыс тілінен қазақ тіліне AmalBooks баспасының командасы тәржімалаған.

«Кітап қазақ, орыс тілдерінде әрқайсысы 1500 данадан жарық көрді. Сатылымға енді шығып жатыр. Негізі кітаптар дүкен қоймаларына жеткізілді. Алдағы уақытта кітаптың ресми тұсаукесерін өткізейік деп жоспарлап отырмыз», — деді баспагер.

Соңғы жаңалықтар