ХХ ғасыр басындағы газет-журналдар қалай басылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс — Баян өңіріндегі алғашқы баспа өнімдері қолмен басқарылатын «Hogen forst» станогында басылған. Оның бірі қазір жергілікті музейдің сәнін келтіріп тұр.

Қолмен басып шығару машинасы
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Әлемдегі тұңғыш баспа станогын 1468 жылы неміс өнертапқышы Иоганн Гутенберг ойлап тапқан. Ол жылжымалы құйма әріпті баспа станогының еуропалық әдісін өміршең етіп, әлемде алғашқы болып баспахана негізін қалаған.

Баспа жабдықтары содан бері үнемі жетілумен болды. Баспа машиналары шыққанға дейін престі станоктар кең қолданылған. Соның бірі — «Hogen forst» станогы. Ол 18-19-ғасырларда баспа ісінде кеңінен пайдаланған. Павлодар қаласында 19-ғасырдың алғашқы шенінде мұндай құралдың көмегімен үндеу парақтары, кітапшалар, алғашқы газеттер басылып шыққан.

Қолмен басып шығару машинасы
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

— «Hogen forst» баспа станогы толықтай механикалық әдіспен басқарылатын престі құрал. Ертіс-Баян жеріндегі алғашқы газеттер — «Объединение» мен «Дала жаршысы» газеттері 1918 жылы осы станоктың көмегімен алғаш рет жарық көрген. Яғни, құрылғы өңірдегі алғашқы баспасөздің атасы десек жарасады. Толықтай шойыннан жасалған. Салмағы өте ауыр, 8-10 адам орнынан әрең қозғайды. Шойын жоғары температураға аса төзімді әрі кез келген діріл мен тербеліске бой бермейді. Кеңес өкіметі орнаған жылдары оның көмегімен көптеген баспа өнімдері басылған. Бірақ жылдар өте баспа машиналары қолданысқа ене бастаған соң жұмысын тоқтатқан. Өлкетанушы И.Лагутинның ұсынысымен Павлодар мемлекеттік баспаханасы ежелгі баспа станогын 1960 жылы музейге табыстады. Содан бері құнды жәдігерімізге айналды, — деп әңгімеледі ерекше құрал туралы Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі өлке тарихын ғылыми қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Гүлжанат Әлиева.

Қолмен басып шығару машинасының негізгі бөлігі — механикалық пресс, оның көмегімен мәтін қағазға немесе өзге материалға түрлі түсті басу арқылы түсірілген. Бұл өнертабыс кезінде шарап престеу станогының және қағаз өндірісінің ұқсас механизмдеріне негізделген деп есептеледі.

Еске салсақ, бүгін – Қазақстанда баспасөз күні. 1913 жылы 2 ақпанда «Қазақ» газетінің тұңғыш номері жарыққа шықты. Осы датаға орай, Kazinform тілшісі аймақтардағы мерзімді басылымдардың жай-күйін зерделеп көрді.

Сондай-ақ Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық басылым күнімен құттықтауын жариялағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар