Хирург әрбір науқасты өз бауырындай көруі тиіс — Бүркіт Арынбеков
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Бүркіт Арынбековты жерлестері қолы жеңіл хирург деп таниды. Себебі, ақ халатты абзал жан 60 жылдық еңбек жолында 10 000 астам ота жасап, көптеген науқастарды өлімнен арашалап алып қалған. Kazinform тілшісі теріскейлік тұлғамен тілдесеп келді.

Қолы жеңіл хирургтың біліктілігін көпшілік өте жоғары бағалайды. Сондықтан көршілес аудандардан келіп көмек беруін өтінетіндер көп. Тіпті, көршілес облыстардан арнайы іздеп келіп, кеңес алып кететіндер де бар. Ондай жағдайда, білікті маман әрдайым алғашқы көмек беруге әзір. Ал, аудан аумағындағы ауылдардан келген жағдайы ауыр науқастардың көпшілігіне отаны өзі жасайды.

— Бірде аудан орталығынан 130 шақырым жердегі Қаратау ауылынан шұғыл хабар түсті. Аңға шыққан ауыл тұрғыны, сүрініп кетіп құлағанда, мылтығы абайсызда атылып кетіпті. 12 калбирлі мылтықтың оғы кеудені тесіп, өкпені зақымдап, артқы жауырыннан сыртқы шыққан. Жағдайы ауыр. Содан, аудандағы дәрігерлер жиналып, аппараттарымызды алып ауылға қарай аттандық. Барсақ науқас есін білмейді. Бірден ота жасауға кірістік. Ол кезде қазіргідей жағдай жоқ. Ауылдық аурухана аядай ғана екі бөлмеден тұрады. Жатқызатын дұрыс үстел де көрмедік. Науқасты әйелдер босанатын үстелге жатқызып қойып, ота жасадық. Сәтті өтті, — дейді дәрігер.

Бүркіт Арынбековтың еңбек жолында мұндай күрделі операциялар көп кездескен. 10 жастағы қыздан эхинококкоз ауруын анықтап, бірден ота жасаған. Сондай-ақ, басына мұржа құлап, миы ашылып кеткен жігітті де емдеп, қатарға қосқан.
— Шолаққорған ауылынан шалғайда орналасқан Тасты деген ауыл бар. Сонда дауыл болып, үйдің шатырын жел ұшырып кеткен екен. Ал, үйдің мұржасы ұйықтап жатқан жігіттің басына түскен. Үсті басының бәрі қан, өзі шалажансар. Шымкентке алып барайық десек, жолға жарамайды. Ал, Шымкенттен дәрігерлер шақыртайық десек, уақыт тапшы. Содан бірден отаға дайындадық. Басының ішін тазаладық. Көп қан кеткен екен, қан құйдық. Бір апта ес-түссіз жатты. Кейін есін жиды. Қазір үйленіп, үйлі болды, — дейді дәрігер.

Ауыл дәрігері Бүркіт Арынбеков биыл әлеуметтік желінің «жұлдызы» болды. Стильді киінген ел ағасының аялдамада көлік күтіп тұрған бейнесі тик-токта кеңінен тарады. Ал, сол жарияланымға пікір жазушылар алтын қолы мен мейірімді жүрегі туралы көп жазба қалдырды. Өз мамандығына шын берілген нағыз еңбек адамы екендігін айтып, лебіздері мен алғыстарын жеткізді.

— Құмкенттегі ағайындарға баруым керек болып, туыс інімді шақырттым. Көлігімен келетін болды. «Апаңды да ала кел» — дедім. Жұмыстан сұранып шығып, аялдамада 10 минуттай тосып тұрып қалдым. Осы сәтті қарсы беттегі асханада отырған шәкірттерім видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желіге салып жіберіпті. Екі-үш күннен соң, немерем «ата сіз тик-токта жүрсіз ғой — дейді. Ашып қарадық. Көп адамдар жақсы пікір жазыпты. Барлығына үлкен рахмет. Бір күні қаралымы 500 000 болды, бір тәуліктен соң 1 млн –нан асып кетті. „Аллаға шүкір“ дедім, — дейді дәрігер.
Бүркіт Арынбеков «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Одан бөлек, облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың және аудан әкімдігі мен аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттарымен марапатталған. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласының үздігі, Созақ ауданының құрметті азаматы. Бүгінде бос уақытын кітап оқуға арнайды. Өзі де кітап жазады. Өмір жолы мен еңбек жолын байланыстырып жазған «Қош бол, қандауыр!» атты кітабын бүгінде жас дәрігерлер қолданып жүр. Алғашқысы 2500 таралыммен жарық көрген кітап, кейіннен тағыда 3 рет 1000 данамен басылып шықты. Яғни, тәжірибелі хирургтың тырнақалды туындысына деген сұраныс та жоғары.

— Созақ ауданына қарасты Құмкент ауылында 1947 жылы дүниеге келдім. Сонда мектепке бардым. Леңгердегі медициналық колледжде фельдшер мамандығын меңгердім. Алматы мемлекеттік медицина институтының «емдеу ісі» факультетінде оқыдым. 1977 жылы Созақ аудандық орталық аруханасына хирург болып жұмысқа қабылдандым. Содан бері 58 жыл бойы үзіліссіз еңбек етіп келемін. Қазір түске дейін жұмыс істеймін. Жастарға жәрдем беремін. Ота жасаймын. Осы уақыт ішінде өмірден түйгенім көп. Ең алдымен Алланың берген нығметіне шүкіршілік етемін. Жар мен мамандық таңдауда қателеспедім. Уақытпен санаспай еңбек еттім. Сол еңбек жолымда кездескен әрбір істі ақ қағазға түсіріп, кітап етіп шығардым, — дейді дәрігер.

Арынбековтер отбасын әріптестері мен туыстары дәрігерлер династиясы деп біледі. Себебі, Бүркіт Арынбековтың жұбайы Гүлбахира көптеген жылдар бойы невропотолог болып еңбек еткен. Ал, қызы Гүлайша акушер-гинеколог. Немересі Мәди дәрігер хирург болып, атасының жолын қуған. Қазір республикалық педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында резидентурада оқып жатыр. Ал, ұлы Алихан техник, кеніште жұмыс істейді.
Бүркіт ақсақал өзінің шәкірттермен де мақтанады. Еліміздің әр аймағында абыройлы еңбек етіп жүрген Бижігіт Қасымқұлов, Ершат Асылбеков, Асылбек Дәулетбаев, Ілесбек Нахипов, Мұрат Бектаев, Еркебұлан Бексейтов, Өміртас Шәдібек, Нұрлыбек Оспанов, Бағлан Ысқақов және өзге де шәкірттерінің болашағынан үлкен үміт күтеді.

— Жалпы, хирург болу үшін адамға ең алдымен білім керек. Содан соң, төзім, мейірім қажет. Жанашыр, қарапайым болу басты міндеттің бірі. Хирург — әрбір науқасты өз бауырындай көріп, емдеуі тиіс. Адамның қанын көру, денесін кесу, онымен жұмыс жасау кез келген адамның қолынан келе бермейді» — дейді дәрігер.

Бүгінде, Созақ аудандық мұражайында ел ағасына арналған арнайы бұрыш ашылған. Онда хирургтың қолданған заттары мен алған марапаттары, медальдары қойылған. Кез келген музейге келуші азаматтың Бүркіт Арынбеков жайындағы мәліметтермен кең көлемде танысуына мүмкіндік жасалған.
