Хирургтер форумында ел дәрігерлерінің озық тәжірибесі таныстырылады - Мыңжылқы Бердіқожаев

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл қыркүйек айында ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының ұйымдастыруымен елордада екі маңызды іс-шара өтеді. 19-20 қыркүйекте «Медицинадағы сапа мен инновацияның әлемдік стандарттары» салааралық конгресі, ал 21-22 қыркүйекте «Заманауи хирургиядағы жоғары технологиялар» халықаралық ғылыми-практикалық форумы болады. Жиынға АҚШ, Азия, Еуропа елдерінің танымал хирургтері келіп, өздерінің медицинадағы озық тәжірибелерін таныстырады. Бұл форумдардың маңызы жайында ҚР ПІБ Медорталығы ауруханасы директорының хирургия жөніндегі орынбасары Мыңжылқы Бердіқожаев егжей-тегжейлі баяндап берді.

Мыңжылқы Бердіқожаев
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

- Еліміздің медицина саласының жетістіктері мен әлемдік тәжірибені кеңінен таныстыру мақсатында маңызы жағынан ауқымды форум ұйымдастырып жатырсыздар. Осы жиын кезінде қандай тақырыптар қамтылады?

- 19-22 қыркүйек аралығында терапия және хирургия бағытында екі маңызды конференция өткелі жатыр. Бұл – Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы жүйесіндегі медицина қызметінің форумы. Нақтырақ айтсақ, 19-20 қыркүйекте терапевтердің конфренциясын өткізбекпіз. Оның мақсаты – тәжірибе алмасу, пациенттердің қауіпсіздігі саласындағы озық ғылыми жетістіктерді қолданысқа енгізу. Конгресс аясында инфекциялардың таралуына жол бермеу, бақылау және емдеу, сондай-ақ ауруханаларда инфекциялық бақылау қызметін ұйымдастыру мәселелері кеңінен талқыланады.

Ал 21 қыркүйекте хирургиядағы жоғары технологияларға арналған форум басталады. Бұл жиында хирургияның барлық бағытын қамтимыз, яғни ересектер мен балаларды емдеу мәселелері бойынша бірнеше баяндама жасалады. Атап айтсақ, жалпы хирургия, урология, проктология, гинекология, кардиохирургия, нейрохирургия, қантамыр хирургиясы, интервенциялық хирургия, аритмология, оториноларингология, офтальмология, онкология сияқты барлық бағытта қаралады.

Мәселен, форумда нейроинтервенция атты бір секция болады. Бұл тақырыптағы жиын Қазақстан аумағында осымен төртінші рет ұйымдастырылып келеді. 2017 жылдан бері үш рет Алматыда өтсе, биыл елордада талқыланады. Бұл секциядағы пікір алмасу ағылшын тілінде болады, себебі АҚШ пен Еуропа елдерінен, Үндістаннан, Азия мемлекеттерінен көптеген спикер келеді. Жалпы, 70-тен астам шетелдік профессор форумға қатысып, баяндама жасайды.

Бұдан бөлек, нейрохирургия саласында пікір алмасуға арналған нейрокурс секциясы ұйымдастырылады. Осы тақырыптағы жиынды тоғызыншы рет, яғни 2016 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Бұған көрші елдерден және алыс шетелден дәрігерлер шақырылды.

Жалпы, форум кезінде «Эндоскопия», «Оториноларингология, офтальмология», «Ортопедия», «Урология», «Кардиохирургия» секциялары ескерілген. Хирургиялық бағытта 1000-нан астам маман конференцияға тіркелді. Бұл жиында қауіпсіз хирургия мәселелерін талқылау үшін сарапшылық диалог алаңы, дөңгелек үстел отырыстары болады. Осы конференцияда мейірбикелер мен жас ғалымдарға арналған жиын өтеді. Еліміздегі жас дәрігерлер сол жерде баяндама жасайды.

- Бұл форум еліміз үшін қандай мүмкіндік береді?

- Конференция барысында мастер-класс өтеді. Бұл ретте, әлем бойынша алғаш қолданылып жатқан құрал-жабдықтар таныстырылмақ. Атап айтқанда, Қазақстан жаңа технологияларды енгізуге ерекше мән беріп отыр. Басқа елдерге қарағанда, бізде жаңа технологияларды тіркеу процесі жеңілірек. Сонымен қатар хирургтердің тәжірибесі жоғары деңгейде болғандықтан, біздің мамандар заманауи технологияларды кеңінен пайдаланып келеді. Сондықтан алдағы күндері өтетін конференциялар медицина саласындағы Қазақстанның маңызды орнын айрықша таныта алады деп санаймын. Шетелден келетін спикерлер де өз саласында өте беделді адамдар және олар біздің мүмкіндігімізді жақсы біледі. Олар үнемі өз елдерінде Қазақстанның хирургтері жайында жақсы пікірін айтып жүргенін байқадық. Осының барлығы медициналық туризмді дамыту бағытында біздің тәжірибемізді кеңінен танытуға жол ашады.

Айта кетейік, біздің аурухананың дәрігерлері жылына бірнеше рет шетелдегі форумдарға барып тұрады.

- Форум барысында еліміздің мамандары ерекше операциялар жасай ма?

- Әрине, ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы мен Ұлттық госпитальде қолданылатын жоғары технологиялар, инновациялар таныстырылады. Форум кезінде біздің ауруханада операция жасап, оны онлайн форматта көрсетеміз. Сол кезде қолданылатын жаңа технологиялар басқа да әріптестеріміз үшін пайдалы болады деп санаймыз. Онлайн форматтағы операцияларды көрсету тәжірибесін АҚШ-та, Францияда, Түркияда және Қытайда өтетін конференцияларда байқап жүрміз.

хирург
Фото: ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы
хирургия
Фото: ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы

- Алдағы уақытта ауруханада ерекше операцияларды енгізу жоспарда бар ма?

- Кейінгі кезде енгізілген ерекшелікке тоқталсам, эпилепсияның ауыр түріне шалдыққан науқастарға күрделі операциялар жасалып келеді. Бұрын осы операцияны жасау қиын болған еді. Қазір стереотаксистік әдіспен, сондай-ақ роботты пайдалану арқылы миға электрод қойып, диагноз нақтыланады. Осы тәсіл арқылы бірнеше науқасқа операция жасадық. Олар толықтай эпилепсиядан жазылу мүмкіндігін алды.

Бұдан бөлек, жұлыннан зақым алған адамдар аяғын баса алмай қалатыны белгілі. Қазір тиісті чиптер арқылы адамдардың аяғын қимылдату зерттеулері жалғасып жатыр. Бұл технологиялар тәжірибеге енгізілсе, оны елімізде пайдалануды жоспарлап отырмыз.

Екіншіден, мидың тамырларына қойылатын чиптер бар. Осы чиптердің мүмкіндігін пайдаланып, науқастарды емдеу бағыты ғылыми тұрғыда зерттеліп отыр.

Тағы бір жаңа бағыт бар. Робот хирургиясын қашықтан пайдалануды енгізу жоспарланған. Қазір елімізде бар роботтар бір қаладан екінші қалада операция жасауға мүмкіндік бермейді. Қашықтан пайдалана алатын роботтарды Қытайда шығарып жатыр. Осы роботтардың мүмкіндігімен шетелдік дәрігерлермен бірлесе операция жасау жоспарымызда бар.

Мыңжылқы Бердіқожаев
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар