Хиуа қаласына ислам әлемінің туристік шаһары мәртебесі берілді

Ислам әлемінің туристік шаһары
Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) Өзбекстанның Хиуа қаласына «2024 жылғы ислам әлемінің туристік шаһары» мәртебесін айғақтайтын сертификатты табыс етті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар хабарлады. 

Салтанатты іс-шара 2500 жылдық тарихы бар Хиуа қаласында өтті. Оған Ислам ынтымақтастығы ұйымының өкілдері, сарапшылар мен салаға жауапты мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысты. 

Тоқтала кетейік, 2022 жылы Бакуде өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің туризм министрлері қатысқан XI сессия барысында Хиуа, Әбу-Даби (БАӘ), Шанлыурфа (Түркия), Лагос (Нигерия) және Душанбе (Тәжікстан) қалалары «2024 жылғы ислам әлемінің туристік шаһары» мәртебесіне ұсынылған болатын. Бұл ретте ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер Өзбекстандағы тарихи қалаға ислам әлемінің туристік астанасы мәртебесін беру бастамасын қолдады. 

Өзбекстан
Фото: Әлихан Асқар / Kazinform

«Хиуаға ИЫҰ-ның ислам әлемінің туристік қаласы мәртебесін беруі - бұл шаһардың танымал туристік бағытқа айналуына мүмкіндік береді. ЮНЕСКО сарапшылары Хиуаны ежелгі Афина, Рим және Каирмен пара-пар қала деп бағалап жатады. Сондай-ақ ол ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымымен түркі әлемінің мәдени астанасы деп танылды», - деді Өзбекстан Туризм комитеті төрағасының орынбасары Жамшид Абдусаломов. 

Өзбекстан
Фото: Әлихан Асқар / Kazinform

Былтыр Хиуаға 500 мыңнан астам турист келген. Алдағы уақытта саяхатшылардың санын 1 млн адамға дейін ұлғайту үшін қажетті жағдай жасау жоспарланып отыр.

Жалпы, Хиуа Орталық Азияда мыңдаған жылдық тарих сырын қойнауына бүккен және осы өңірде толық қалпында сақталған жалғыз шаһар. 1990 жылы Канадада өткен ЮНЕСКО-ның XIV сессиясының арнайы шешімімен ол «Дүниежүзілік мұра нысандары» тізіміне енгізілді. 

«Бұл қала бұрын мәдениет, ғылым мен өркениеттің орталығы ретінде танылғаны белгілі. Астрономия, математика, химия ілімдері бойынша көптеген оқу орыны мен ірі ғылыми орталық дәл осында орналасты. Хиуа өзінің бай тарихымен, сәулетімен әрі бірегей мәдениетімен ортақ мұрамыздың маңызын айғақтап келеді», - деп тоқталды Ислам ынтымақтастығы ұйымы Бас хатшысының орынбасары Ахмад Кавеса Сенгендо. 

Өзбекстан
Фото: Әлихан Асқар / Kazinform

Іс-шара барасында Кавеса Сенгендо Хиуа қаласының хокиматына «2024 жылғы ислам әлемінің туристік астанасы» мәртебесінің сертификатын табыс етті. 

Аталған мәртебенің ұсынылуына байланысты биыл мамырда Хиуада ИЫҰ-ға мүше елдер туризм министрлерінің XII сессиясы өтеді. Оның барысында «Хорезм хандарының тағамдары» атты гастрономиялық фестиваль, ғылыми-практикалық конференция, фото және көркем өнер шеберлерінің көрмелерін өткізу жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар