ХҚКО-лар Цифрлық кеңсеге айналады
АСТАНА. KAZINFORM – Халыққа қызмет көрсету орталықтары Цифрлық кеңсеге айналады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.
- Жыл бойы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына азаматтар шамамен 15 млн рет келді. Бұл трафиктің 80 пайызы ТОП-10 мемлекеттік қызметке қатысты. Өткен жылы біз аталған қызметтерді толықтай цифрландыруды бастадық. Кейбірін қазірдің өзінде баламасыз онлайн форматқа көшірдік, - деді ол.
Вице-премьердің айтуынша, осыдан кейін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келетін адамдар санының күрт төмендеуі байқалды.
- Осыған байланысты аталған орталықтар Apple Store сияқты халыққа арналған Цифрлық кеңсеге қайта ұйымдастырылады. Азаматтар өзіне-өзі қызмет көрсету арқылы қызмет алады. Әкімдерге тиісінше жарақтануын қамтамасыз етуді сұраймыз. Халыққа арналған жайлы Цифрлық кеңсе әкімдіктердің азаматтар үшін визит картасы саналады, - деді Жаслан Мәдиев.
Бұған дейін Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жаңа қызмет түрі іске қосылғанын жазған едік.