ХОК Халықаралық бокс қауымдастығын (IBA) мойындаудан бас тартты

2019 жылы ХОК бокс қауымдастығындағы қаржылық және басқару дағдарысына байланысты IBA-ны мойындаудан уақытша бас тартқан. Одан реформа жүргізуді талап етіп, 2021 жылы Токиода өтетін Олимпиадада бокстан турнир ұйымдастырудан шеттетті. Сондай-ақ IBA-ға бокстан 2024 жылғы Париж және 2028 жылы өтетін Лос-Анджелес Олимпиадасы турнирлерін ұйымдастыруға рұқсат етілмейді. Халықаралық бокс қауымдастығының міндетін әзірге ХОК атқарады.
ХОК бас директоры Кристоф де Кеппердің айтуынша, қауымдастық өзіне қойылған талаптарды орындамағандықтан, IBA-ны мойындаудан бас тарту туралы шешім қабылданған. Ал IBA бұған жауап ретінде «ХОК үлкен қателік жіберді» деп мәлімдеді.
«Бүгінгі шешім әлемдік бокс үшін қауіпті екенін және ХОК-тың бұл ісі бокс пен спортшылардың мүддесіне сай әрекет етеді деген мәлімдемесіне ашық түрде қайшы келетінін жасыра алмаймыз», - делінген хабарламада.
2020 жылдың соңынан бастап IBA-ны ресейлік Умар Кремлев басқарады. Қауымдастық Ресей мен Беларусь спортшыларын өз қамқорлығымен өтетін жарыстарға қатысу мүмкіндігінен айыра қойған жоқ. Бұған жауап ретінде бірнеше штаттың, атап айтқанда АҚШ, Германия және Ұлыбританияның ұлттық бокс федерациялары IBA-дан шығып, өздерінің World Boxing атты халықаралық қауымдастығын құрды.