Хоккей: 2021 жылғы әлем чемпионатының өтетін күні бекітілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) Қазақстан құрамасының қатысуымен өтетін 2021 жылғы әлем чемпионатының өтетін мерзімін бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі федерация сайтына сілтеме жасап.
Әлем чемпионаты Беларусь астанасы - Минск және Латвия астанасы - Рига қалаларында өткізіледі. Дүбірлі дода 21 мамырда басталып, 6 маусымда мәресіне жетеді.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Рига қаласында ойнайтын А тобында бақ сынайды. Қарсыластары - Канада, Финляндия, АҚШ, Германия, Латвия, Норвегия және Италия құрамалары. Ал Минскіде Ресей, Швеция, Чехия, Швейцария, Словакия, Дания, Беларусь және Ұлыбритания құрамалары шеберлік байқасады.
Естеріңізге сала кетелік, 2020 жылғы әлем чемпионаты мамыр айында Швейцарияда өтуі тиіс болатын. Ол дүние жүзін жайлаған коронавирус пандемиясы салдарынан өтпейтін болып шешілді.
Қазақстан құрамасы 2019 жылы әлем чемпионаты бірінші дивизионында жеңімпаз атанып, топ-дивизионға жолдама алды.
Бұдан бұрын Қазақстан хоккейден 2026 жылғы әлем чемпионатын қабылдаудан үміткер екені хабарланды.