Хоккей: «Барыс» «Авангардтан» басым түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Авангард» (Омбы) командасымен өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хоккей: «Барыс» «Авангардтан» басым түсті

Екі команда биылғы турнирді сәтсіз өткізіп жүр. Қазір турнир кестесінде қатарлас келеді. «Барыс» 13 ойыннан кейін 10 ұпаймен турнир кестесінде 20-орында тұр. Ал «Авангард» 12 ұпаймен 17-орынға жайғасқан.

Кездесу тартысты өтті деуге негіз бар. Десе де командалар алғашқы екі кезеңде бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Үшінші кезеңде де ойын барысы солай өрбіп жатты. Ойынныңі бітуіне бес минут қалғанша таблодағы есеп өзгеріссіз тұрды. Қазақстандық хоккейші Никита Михайлис 54-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Кездесуде «Барыс» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» Ресейде «Локомотивке» жол берді.

Айта кетерлігі, биылғы кезеңдегі 13 ойынның небәрі 4-де жеңіске жеткен еді.

Енді «Барыс» 8 қазанда елордада Ресейдің СКА (Санкт-Петербург) командасын қабылдайды.


Фото:hcbarys.kz