Хоккей: «Барыс» «Авангардтан» жеңіліп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін елордада «Авангард» (Омбы) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хоккей: «Барыс» «Авангардтан» жеңіліп қалды

Елордалық клуб кейінгі ойындарды жақсы өткізіп келеді. Соңғы алты кездесудің төртеуінде жеңіске жетті. Осылайша турнир кестесінде плей-офф сатысына қатысуға мүмкіндік алатын он алты команданың қатарына қосылып отыр.

Екі команда биылғы турнирде үш мәрте кездесіп үлгерді. Оның екеуінде ресейлік клубтың мерейі үстем болды. Сондай-ақ, соңғы екі ойында «Авангард» жеңіске жетіп келеді. Сондықтан «Барыс» олардан есе қайтаруға тырысты.

Кездесу барысында командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау табуға тырысты. Бір-бірінің қақпасы маңында жиі бой көрсетті.

Ойынның 15-минутында елордалық клубтан Аркадий Шестаков есеп ашты. Оған ресейлік клубтан Дамир Шарипзянов 19, Алекс Бродхерст 27-минутта екі шайбамен жауап қайырды. Ал 59-минутта Сергей Толчинский бос қақпаға гол соғып, ресейоік клубқа жеңіс сыйлады.

Осылайша елордалық клуб қарсыласына 1:3 есебімен есе жіберді.

Енді «Барыс» алдағы ойынын 24 желтоқсанда елордада Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) командасына қарсы өткізеді.


Фото: sports.kz