Хоккей: «Барыс» «Автомобилист» командасынан басым түсті

Ойынның бірінші бөлігінде айдын иелері басымдау болғанымен, есеп ашылған жоқ. «Барыстың» қақпашысы Йони Ортио сәтті ойнай білді.
Екінші кезең барысында елордалықтар швециялық Юхан Маттссон қорғаған қақпаны көбірек нысанаға алғанымен, шешуші сәтте мүлт кетіп жатты. Тіпті сан басымдылығын да пайдалана алмады. Дегенмен 35-минутта «Барыстың» капитаны Роман Старченко мергендік танытты – 1:0.
Үшінші тайм соңында «Автомобилист» командасы қақпашысын ойыншыға ауыстырған сәтте Линден Вей есепті 2:0-ге жеткізді.
Осылайша 40 ұпай жинаған елордалық клуб Шығыс конференциясында «Автомобилисті» артқа қалдырып, жетінші орынға көтерілді.
Юрий Михайлистің шәкірттері келесі матчын 23 желтоқсан күні Татарстан астанасы Қазанда жергілікті «Ак Барс» командасымен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Даррен Дицтің ЦСКА командасына ауысқанын, «Барыстың» кезекті ойынын Екатеринбургте «Автомобилиспен» өткізетінін жазған болатынбыз.