21:50, 12 Қаңтар 2023 | GMT +5
Хоккей: «Барыс» елордада ЦСКА командасынан жеңіліп қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін елордада Ресейдің ЦСКА (Мәскеу) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында ресейлік команда ойынды белсенді бастады. Нәтижесінде олардың тарапынан 11-минутта Матвей Гуськов есеп ашып кетті.
Екінші кезеңде Константин Окулов 21-минутта ЦСКА командасының басымдығын арттыра түсті. Одан кейін «Барыс» сапынан Антон Сагадеев 21, Дмитрий Шевченко 29-минуттарда екі гол соғып, таразы басын теңестірді.
Ал 36-минутта ресейлік Сергей Плотников қайтадан ЦСКА-ны алға шығарса, 48-минутта Антон Слепышев, 53-минутта Максим Мамин есепті ұлғайтты.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 2:5 есебімен есе жіберді.
Енді «Барыс» алдағы ойынын 14 қаңтарда елордада Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын елордалық клуб «Адмиралдан» жеңіліп қалды.
Фото: sports.kz