Хоккей: «Барыс» елордада «Металлургтен» басым түсті

Кездесу барысында екі команданың белсенділігі байқалды. Алғашқы минуттан бір-бірінің қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Нәтижесінде, алғашқы он минуттың ішінде ресейлік хоккейшілер екі шайба соғып үлгерді. Оны Павел Акользин 6, Брендан Лайпсик 8-минутта өзінің еншісіне жазды.
Екінші кезеңде қазақстандық команда таразы басын теңестіруге ұмтылды. Десе де, аталған кезеңнің соңғы минуттарына дейін қарсыластар қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Ойынның 37-минутында Аңсар Шайхмедденов пен Алекс Грант шығарып берген пасты Тамирлан Гайтемиров голға айналдырды. Ал, 39-минутта әріптесі Линден Вей берген пасты Дмитрий Шевченко қақпаға соқты.
Жақында елордалық команда сапына қосылған Александр Борисевич 46-минутта «Барыс» сапындағы алғашқы шайбасын қақпаға кіргізді. Бұл жеңіс голына айналды. Осылайша, «Барыс» қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті.
Еске салсақ, «Барыс» хоккейшілері қаңтарда 14 ойын өткізеді. Енді қазақстандық команда 5 және 6 қаңтар күндері Ресейде «Амур» (Хабаровск) командасымен кездеседі. Ал одан кейін, 8 және 9 қаңтар күндері «Адмирал» (Владивосток) командасымен шеберлік байқасады.