Хоккей: «Барыс» елордада «Витязь» клубынан жеңіліп қалды

Елордалық команда бұған дейін жеті ойынның небәрі біреуінде жеңіске жетті. Осының салдарынан турнир кестесінде он сегізінші орынға түсіп қалды.
Ал жиырма жеті ойыннан кейін 30 ұпай жинаған «Витязь» 11-орынға жайғасқан.
Кездесу барысында ресейлік командадан 7-минутта Владислав Кара есеп ашты. Ойынның 40-минутында ол тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсті.
Бұдан кейін «Барыс» хоккейшісі Аркадий Шестаков 42-минутта есеп айырмасын қысқартса, 48-минутта ресейлік Александр Яремчук көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Қазақстандық Дінмұхамед Қайыржан 54-минутта «Витязь» қақпашысын қапы қалдырды.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 2:3 есебімен есе жіберді.
Енді елордалық клуб үш ойынды Ресейде өткізеді. Алдымен 11 қарашада «Металлург» (Магнитогорск) командасымен кездессе, одан кейін 13 қарашада «Салават Юлаев» (Уфа), 15 қарашада «Автомобилист» (Екатеринбург) клубтарымен шеберлік байқасады.