Хоккей: «Барыс» мәскеулік «Динамодан» овертаймда жеңіліп қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы бесінші ойынын Ресейде «Динамо» (Мәскеу) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Кездесу барысында командалар тартысты ойын өрнегін көрсетті. Алғашқы минуттан шабуылға шығып, гол соғатын мүмкіндікті іздеді.

Ойынның 11-минутында елордалық клубтан Понтус Оберг мергендігімен көзге түссе, 15-минутта «Динамо» хоккейшісі Эрик О'Делл таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңде командалар есепті өзгертуге бар күшін салды. Нәтижесінде 28-минутта барыстық Аркадий Шестаков көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Ойынның 50-минутында қазақстандық командадан Нельсон Ножье басымдықты арттыра түсті. Алайда ресейлік клубтан Джордан Уил 54 және 56-минуттарда екі гол соғып, есеп теңесті.

Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда ресейлік клубтың жолы болды - 3:4.

Айта кетсек, елордалық клуб Құрлықтық хоккей лигасындағы бұдан бұрынғы төрт кездесуінде де қарсыластарына есе жіберді. Салдарынан турнир кестесінде 22-орында келеді.

Енді «Барыс» елордада 16 қыркүйекте Ресейдің «Адмирал», 18 қыркүйекте «Нефтехимик» командаларын қабылдайды.


Соңғы жаңалықтар