Хоккей: «Барыс» «Нефтехимик» командасына есе жіберді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін елордада Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) клубына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алғашқы кезеңде ресейлік клуб сапынан 1-минутта Аксель Галимов есеп ашты.
Бұдан кейін қазақстандық команда хоккейшілері таразы басын теңестіруге ұмтылған еді. Дегенмен таблодағы есеп өзгерген жоқ.
Екінші кезеңнің 23-минутында Максим Гончаров ресейлік клубтың басымдығын арттырса, көп ұзамай Илья Хохлов есепті үстемелей түсті.
Ал 34-минутта «Барыс» сапынан Егор Петухов қақпашымен бетпе-бет шығып, өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.
Ойынның 59-минутында қазақстандық командадан Энтони Луис есеп айырмасын қысқартса, көп ұзамай «Нефтехимик» хоккейшісі Павел Порядин кездесу нүктесін қойды.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 2:4 есебімен есе жіберді.
Енді «Барыс» алдағы ойынын 25 қазанда Ресейде «Авангард» (Омбы) командасына қарсы өткізеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын елордалық клуб «Металлург» командасынан жеңіліп қалды.