Хоккей: «Барыс» «Нефтехимик» командасынан басым түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін Ресейде «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хоккей: «Барыс» «Нефтехимик» командасынан басым түсті

Кездесу барысында екі команда ойын басынан гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Десе де олар діттеген мақсатына жете алмай жатты. Алғашқы кезеңде командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Екінші кезеңнің 32-минутында «Нефтехимик» хоккейшісі Аксель Галимов өз командасын алға шығарды. Бұдан кейін таблодағы есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болған еді.

Үшінші кезеңнің 41-минутында «Барыс» сапынан Майкл Шапю таразы басын теңестірсе, 53-минутта Джереми Бракко қазақстандық команданы алға шығарды.

Ал Майкл Шапю 59-минутта бос қақпаға жеңіс шайбасын соқты.

Осылайша «Барыс» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті.

«Барыс» ендігі ойынын 21 желтоқсанда елордада Ресейдің «Авангард» (Омбы) командасына қарсы өткізеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын елордалық клуб буллитте «Ак Барс» командасынан басым түсті.