Хоккей: «Барыс» соңғы турда «Авангардқа» есе жіберді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасы аясында елордалық «Барыс» 27 ақпанда Ресейде «Авангард» (Омбы) командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хоккей: «Барыс» соңғы турда «Авангардқа» есе жіберді

Екі команда арасындағы соңғы төрт ойынның үшеуінде қазақстандық клубтың мерейі үстем болды.

«Барыс» турнир кестесінде 59 ойыннан кейін 69 ұпаймен 11-орында келеді. Ал «Авангард» 59 ойыннан кейін 82 ұпай жинап, 4-орында тұр.

Командалар плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігіне қол жеткізіп қойған болатын. Соған қарамастан бүгінгі ойын тартысты өтті.

Есепті 2-минутта «Барыс» ойыншысы Кирилл Панюков ашты. Ал 16-минутта «Авангард» сапынан Илья Ковальчук таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңнің 21-минутында ресейлік хоккейші Сергей Толчинский «Авангардты» алға шығарды. Ал 41-минутта «Барыс» хоккейшісі Даррен Диц көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Сергей Толчинский 42-минутта қайтадан ресейлік клубтың басымдығын арттырса, Денис Зернов есепті үстемелей түсті. Ал 59-минутта Сергей Чинаков қорытынды есепті белгіледі. Кездесуде «Барыс» қарсыласынан 2:5 есебімен жеңіліп қалды.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын «Барыс» Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» командасынан басым түсті.

Бүгін құрлықтық хоккей лигасы тұрақты кезеңінде командалар соңғы тур ойындарын өткізеді. Плей-офф кезеңі 2 наурызда басталады. Финал -30 сәуірде.