Хоккей: «Барыс» «Трактор» командасынан ұтылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті матчында Челябі қаласында көш басындағы командалардың бірі «Трактормен» күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хоккей: «Барыс» «Трактор» командасынан ұтылды

Айдын иелері Шығыс конференциясында 61 ұпаймен екінші орында тұрса, 40 ұпайы бар «Барыс» сегізінші сатыда келеді.

Бірінші кезеңде «Трактор» сапынан 9-минутта Никита Тертышный есеп ашты. Арада минут өтер-өтпесте «Барыстың» екі бірдей ойыншысы айдыннан қуылғанын команда капитаны Лукаш Седлак мүлт жібермеді – 2:0.

Екінші таймда 35-минутта Л.Седлак есепті 3:0-ге жеткізді. Үш минуттан кейін «Барыс» сапындағы швециялық легионер Якуб Берглунд мергендік танытты.

Үшінші кезең басталысымен Антон Сагадев есепті 2:3-ке дейін қысқартып, «Барысқа» үміт сыйлады. Алайда матч соңында Теэму Пулккиненге қонақтардың бос қалған қақпасын көздеу қиындыққа түскен жоқ – 4:2.

Юрий Михайлистің шәкірттері келесі кездесуін 27 желтоқсан күні елордада негізгі қарсыластарының бірі, Шығыс конференциясында 9-орындағы «Автомобилист» (Екатеринбург) командасымен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Барыстың» Қазанда «Ак Барс» командасынан жеңіліп қалғанын, кезекті ойынын сырт айдында «Трактормен» өткізетінін жазған болатынбыз.