Хоккей: «Барысқа» «Сочимен» ойында да сәттілік жетіспеді

Осының алдындағы 15 кездесудің 13-інде жеңіліп, плей-офф ауылынан алыстап кеткен астаналықтарға шегінер жол жоқ еді. Оның үстіне «Ақ Барыспен» өткен матчта швециялық қақпашы Хенрик Карлссон төрешілерге шабуыл жасап, айыпқа ілігіп, қатарынан үш ойынға айдыннан аластатылды. Сондықтан қақпа 22 жасар қазақстандық Сергей Кудрявцевке сеніп тапсырылды. Бұрын «Барыс» қақпасын қорғап көрген 30 жасар Дмитрий Мальгин көмекке шақырылды. Оған қоса команда капитаны Найджел Доустың жарақаттан кейін орала алмауы да оңай тиіп отырған жоқ. Дегенмен бұл жолы ҚХЛ кешірім бергеннен кейін «Барысқа» қайта келген, ешкімге есесін жібермейтін, керек кезінде төбелестен де қашпайтын атышулы қорғаушы Дамир Рыспаев бой көрсетіп, тіпті қарсыластарының біріне «мүйіз шайқап» үлгерді.
«Барыс» кездесуді бірден шабуылмен бастады. Көп ұзамай сочиліктер де азуының бар екендігін көрсетті. Бірінші кезеңде қос команда біраз мүмкіндіктері болғанымен, гол соғатын сәттерді пайдалана алмады.
Екінші кезеңде айдын иелері тағы бір мәрте сан басымдылығына ие болғанымен, қонақтар сәтті қорғана білді. Дегенмен 32-минутта Иван Кучин мен Владимир Маркеловтың пасынан кейін 18 жасар қазақстандық қорғаушы Валерий Орехов мергендік танытып, ҚХЛ-дағы алғашқы голын соқты. Бұл «Барыс» сапындағы жас ойыншылардың шеберлігі өсіп келе жатқандығын білдіргендей еді. Әйтсе де екінші кезең соңына таман И.Кучин жоқ жерден тәртіп бұзып, айдыннан қуылғаннан кейін сочиліктер (Эрик О'Делл) таразы басын теңестіріп кетті. Бұдан соң сочилік Павел Падакин қысылтаяң сәтте қақпаны итеріп жіберіп, аман алып қалды. Бірақ екі минутқа айдыннан қуылды.
Кездесудің үшінші, шешуші бөлігін сан басымдылығымен бастаған елордалықтар мұны пайдалана алмады. Керісінше 44-минутта «Барыстың» қорғаныс шебі сыр беріп, қақпа алдында жалғыз қалған дәл сол П.Падакин «Сочиді» алға шығарды. Айдын иелеріне амалсыз қарқынды үдете түсулеріне тура келді. Әйтеуір 51-минутта бірінші бестік те бар екендігін көрсетіп, Кевин Даллман мен Джеймс Райттың көмегімен Линден Вей есепті теңестірді. Матч бітуге екі минуттай уақыт қалғанда, шабуыл кезінде Мэттью Фрэттин тәртіп бұзып, командасын қиын жағдайда қалдырды. Осыны мүлт жібермеген Кейси Уэллман есепті 3:2-ге жеткізді. Евгений Корешков бейнеқайталауға жүгінгенмен, одан ештеңе шықпады. Бұдан кейін небәрі отыз секундтай уақыт қалған еді. «Барыс» қақпашысын ауыстырып, айдынға алтыншы ойыншысын шығарды. Оның үстіне «Сочиден» бір хоккейші айдыннан қуылды. Бірақ уақыт жетпеді.
Осылайша, Евгений Корешковтың шәкірттері өз айдынындағы соңғы төрт ойынның бәрінде де жеңіліс тапты. 6 қазан күні Сочиде өткен ойында да «Барыс» 1:3 есебімен ұтылып қалған болатын. 63 ұпайы бар астаналықтар Шығыс конференциясында оныншы орында келеді. Ал плей-офф бәсекесіне жолдама алу үшін кемінде сегізінші сатыға көтерілу керек. Бұл міндетті орындау күннен-күнге қиындап бара жатыр.
Айта кетейік, елордалықтар 3 қаңтар күні өз айдынында Шығыс конференциясында көш соңында келе жатқан «Югра» (Ханты-Мансийск) командасын қабылдайды. Содан кейін Хабаровскіге сапар шегіп, 9 қаңтарда плей-офқа шығу жолындағы негізгі қарсыластарының бірі «Амурмен» айқасады.