Хоккей: Қазақстан құрамасының 2024 жылғы әлем чемпионатындағы ойын кестесі жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының қатысуымен өтетін 2024 жылғы әлем чемпионаты элиталық дивизиондағы ойын кестесі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хоккей: Қазақстан құрамасының 2024 жылғы әлем чемпионатындағы ойын кестесі жарияланды
Фото: Tony Schnagl/pexels.com

Ойын кестесі Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы (IIHF) сайтында жарияланды.

Қазақстандық хоккейшілер В тобында ойын көрсетеді. Қарсыластары – Словакия, Франция, Латвия, Германия, Швеция, АҚШ және Польша.

Ел құрамасы 11 мамырда Франциямен кездессе, одан кейін 12 мамырда Словакия, 14 мамырда Латвия, 16 мамырда Швеция, 17 мамырда Германиямен шеберлік байқасады.

Ал 19 мамырда АҚШ-пен кездессе, 21 мамырда Польшамен ойнайды.

Аталған топтағы ойындар Острава қаласында өткізіледі.

Ал А тобындағы Финляндия, Канада, Швейцария, Чехия, Дания, Норвегия, Австрия және Ұлыбритания құрамалары Прага қаласында шеберлік байқасады.

Әлем чемпионаты 2024 жылдың 10-26 мамыр аралығында өтеді.

Айта кетсек, қазақстандық хоккейшілер әлем чемпионаты элиталық дивизионында он мәрте бақ сынады. 2021 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Жоғары жетістігі – 2021 жылғы 10-орын.