Хоккей: Қазақстан қыздар құрамасы Польшадан жеңіліп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қытай астанасы - Бейжің қаласында шайбалы хоккейден қыздар арасында Әлем чемпионатының бірінші дивизионы В тобындағы ойындар басталды. Қазақстан құрамасы Польшамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, В тобында Қазақстан, Қытай, Латвия, Голландия, Польша және Оңтүстік Корея құрамалары ойнайды. Жеңімпаз болған құрама келер жылы топ-дивизионға жолдама алады.

Бүгінгі кездесуде алғашқы шайба 3-минутта соғылды. Оны поляк хоккейшісі Карлоина Починевска соқты. Ол 6-минутта есепті үстемелей түсті. Бұдан кейін Қазақстан құрамасы сапынан Дарья Молдабай 9-минутта есеп айырмасын қысқартты. Ал 19-минутта Польша құрамасынан Магдалена Чаплик біздің қақпадан тағы саңылау тауып кетті. Есеп - 3:1.

26-минутта Карлоина Починевска кезекті рет мергендік танытты. 34-минутта біздің құрамадан Анастасия Оразбаева шайба соға алды. 58-минутта Магдалена Чаплик тағы бір шайба соқса, оған ойынның бітуіне санаулы секундтар қалғанда Малика Алдабергенова бір шайбамен жауап берді.

Бұл кездесуде Қазақстан құрамасы 3:5 есебімен қарсыласына есе жіберді.

Бүгін аталмыш топта тағы екі кездесу өтті. Қытай Латвияны - 3:0, Голландия Оңтүстік Кореяны 5:2 есебімен жеңді.

Енді Қазақстан құрамасы 7 сәуірде Голландиямен, 9 сәуірде Латвиямен, 10 сәуірде Оңтүстік Кореямен ойнайды. Ал 12 сәуірде Қытаймен шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар