Хоккей: Қазақстан қыздары Оңтүстік Кореямен кездесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытай астанасы - Бейжің қаласында шайбалы хоккейден қыздар арасында Әлем чемпионатының бірінші дивизионы В тобындағы төртінші тур ойындары өтті. Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Хоккей: Қазақстан қыздары Оңтүстік Кореямен кездесті

Аталмыш додада Қазақстан құрамасы сәтсіз ойын көрсетіп келеді. Бұған дейінгі екі кездесуде де қарсыластарына есе жіберді. Алдымен Польшадан 3:5 есебімен жеңіліп қалған еді.

Одан кейін Голландияға 1:3 есебімен жол берді.

Ал үшінші кездесуінде Латвияға буллиттен 1:2 есебімен жол берді.

Бүгінгі кездесуде есепті Оңтүстік Корея құрамасының хоккейші қыздары ашты. Олар 8-минутта біздің қақпадан саңылау тапты. Келесі шайбаны да қарсыластарымыз 19-минутта соғып кетті. Екінші кезеңде де қазақстандықтардың қақпасынан екі шайба табылды. Оған қазақстандық спортшылар 51-минутта жалғыз ғана шайбамен жауап қайырды. Бұдан кейін Оңтүстік Корея құрамасының қыздары тағы бір гол салды. Осылайша Қазақстан құрамасы аталмыш қарсыласына 1:5 есебімен жол берді.

Аталмыш топта тағы екі кездесу өткізілді. Голландия Латвияны 3:1, Польша Қытайды 4:3 есебімен жеңді. Төрт турдан кейін Голландия құрамасы 12 ұпаймен көш бастап келеді. Одан кейінгі орындағы Польшаның - 9, Қытай мен Оңтүстік Кореяның - 6, Латвияның 6 ұпайы бар.

Соңғы тур ойындары 12 сәуірде өткізіледі. Бұл күні Польша мен глландия, Оңтүстік Корея мен Латвия, Қазақстан мен Қытай құрамалары кездеседі.