Хоккей: Қазақстан сынға түсетін дивизиондағы ойын күнтізбесі жарияланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Хоккейден әлем чемпионаты бірінші дивизионы А тобында сынға түсетін құрамалардың ойын күнтізбесі жарияланды. Бұл топта Қазақстан құрамасы бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетерлігі, аталмыш ойындар елордамыз - Астана қаласында өткізіледі. Мұндай жоғары деңгейдегі турнир біздің елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Турнир биылғы 29 сәуір және 5 мамыр аралығында ойналады.
Қазақстан құрамасының қарсыластары - Словения, Литва, Оңтүстік Корея, Беларусь және Мажарстан құрамалары.
Алғашқы ойында біздің хоккейшілер 29 сәуірде Словения құрамасымен кездеседі. Одан кейін 1 мамырда Литва, 2 мамырда Оңтүстік Корея, 4 мамырда Беларусь және 5 мамырда Мажарстан құрамаларымен шеберлік байқасады.
Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы аталмыш жүйе бойынша 2000 жылдан бері жарыстар өткізіп келеді. Содан бері Қазақстан құрамасы бірінші дивизионда 11-ші мәрте сынға түскелі отыр. 2001-2003 жылдары бірінші дивизионда ойнаған біздің құрама 2004-2006 жылдарда А дивизионда үздік құрамалар қатарында болды. 2007-2009 жылдар аралығында қайтадан бірінші дивизионда бақ сынады. 2010 жылы А дивизионына шыққанымен, онда көп тұрақтай алған жоқ. 2010-2016 жылдар аралығында бір жыл бірінші, бір жыл А дивизионында ойнап жүрді. Соңғы екі жылдан бері үздіктер қатарына қосыла алмай келеді.
Былтыр біздің құрама бірінші дивизионда ойнады. Өз тобында үшінші орынды місе тұтты. Бұл топтан Ұлыбритания мен Италия құрамалары А дивизионына жолдама алды.