Хоккей: Қазақстан жастары Даниядан басым түсіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәл қазір Канаданың Ванкувер қаласында хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионатының жұбаныш кезеңінде Қазақстан жастар құрамасы Данияны жеңіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, жұбаныш кезеңінің алғашқы кездесуінде Қазақстан жастары аталмыш қарсыласын 4:3 есебімен жеңді. Ережеге сәйкес бұл кезеңде екі жеңіске жеткен құрама алдағы әлем чемпионатында тағы да топ-дивизионда ойнау мүмкіндігіне ие болады.
Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан жастары бұған дейін В тобында сынға түсті. Топтық кезеңде біздің жастар барлық кездесуінде қарсыластарына есе жіберді. Атап айтқанда, алдымен Финляндиядан 0:5 есебімен жеңілсе, одан кейін АҚШ-тан 2:8 есебімен ұтылып қалды. Жастарымыз үшінші кездесуде Словакиядан 2:11 ойсырай жеңілсе, соңғы ойында Швецияға 1:4 есебімен жол берді.
Сондықтан да болар, біздің жастар ойын басынан шабуыл тізгінін қолға алуға тырысты. Алғашқы шайба небәрі 35-секундта соғылды. Оны Саян Данияр орындады. Ал 4-минутта Қазақстан екі шайба айырмасымен алға шықты. Ол Давыд Макуцкийдің еншісіне жазылды.
Әзірге Қазақстан жастары топ-дивизионда қалу мүмкіндіге жақын тұр. Қазақстан жастары әлем чемпионатының топ-дивизионына сегіз жылдық үзілістен кейін қайта оралды. Былтыр Францияда өткен бірінші дивизион ойындарында біздің құрама жеңімпаз атанған еді.
Айта кетерлігі, бүгін жартылай финал ойындары да өтеді. Онда Ресей мен АҚШ, Финляндия мен Швейцария жастары кездеседі. 2019 жылдың 2 қаңтарында өткен ширек финалда Ресей Словакиядан 8:3, АҚШ Чехиядан 3:1, Финляндия Канададан 2:1, Швейцария Швециядан 2:0 есебімен басым түсті.