Хоккей: Қазақстан жастары Финляндиядан жеңіліп қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін хоккейден 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы Канададағы жастар арасындағы әлем чемпионатында алғашқы ойынында Финляндия құрамасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еліміздің 20 жасқа дейінгі жастар құрамасы әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді. Ширек ғасырдан бері біздің хоккейшілер әртүрлі дивизионда бақ сынады. Топ-дивизионда 1998-2011, 2008-2009 жылдар аралығында сынға түсті. Былтыр Францияда өткен бірінші дивизионның А тобында көш бастап, үздіктер қатарына сегіз жылдан астам уақыттан кейін қайта оралды. Франция жерінде овертаймда Германияны 3:2, буллиттен Латвияны 3:2, Венгрияны 5:3, Австрияны 3:2 және Францияны 6:1 есебімен тізе бүктірді. Осының нәтижесінде әлем чемпионатының топ-дивизионында сынға түсуге мүмкіндік алды.

Біздің құрама бүгінгі кездесуін сәтсіз өткізді деуге негіз бар. Негізінде тәп-тәуір ойын өрнегін көрсеткенмен қарсылас құраманың шабуылына лайықты деңгейде қарсылық таныта алған жоқ.

Қазақстан жастары алғашқы кезеңде өз қақпасына екі шайба жіберіп алды. Оны қарсыластар сапынан Отто Латвала - 12, Аарне Талвитие 15-минутта өзінің еншісіне жазды. Ал екінші кезеңде фин хоккейшісі Самули Вайнионпяя есепті тағы голмен үстемелей түсті. Ал үшінші кезеңде Каапо Какко - 47, Алекси Хепониеми 49-минутта қанжығасын майлады. Есеп 0:5. Осылайша біздің хоккейшілер өрескел қателіктерге бой алдырып жатты.

Біздің құрама Б тобында ойнайды. Қарсыластары - Швеция, Америка Құрама Штаты, Финляндия және Словакия құрамалары.

Қазақстан жастары енді 29 желтоқсанда сағат 9.30-да АҚШ құрамасымен кездеседі. Аталмыш кездесу Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар