Хоккей: Қазақстан жастары Германияға есе қайтарды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Чехияда өтіп жатқан шайбалы хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасындағы әлем чемпионатында бүгін Қазақстан құрамасы жұбаныш кезеңіндегі екінші ойынында Германиядан басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хоккей: Қазақстан жастары Германияға есе қайтарды

Естеріңізге сала кетелік, екі құрама арасындағы алғашқы кездесу 2 қаңтарда өткізіліп, ол жолы Германия 4:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Бұл неміс хоккейшілерінің топ-дивизионда қалу мүмкіндігін арттыра түсті.

Сондықтан Қазақстан жастары алғашқы минуттан ойын тізгінін қолға алуға тырысты. Ойынның 4-минутында қазақстандық құрама сапынан Станислав Александров неміс хоккейшісін қапы қалдырды. Бұдан кейін қос құраманың да есепті өзгертетін мүмкіндігі болған еді. Бірінші кезеңде басқа гол соғылған жоқ.

Екінші кезеңнің 25-минутында қарсыластар қателігін пайдалана білген қазақстандық Данил Бабенко есепті ұлғайта түсті. Ал үшінші кезеңнің 41-минутта қазақстандық хоккейшілер тағы бір шайба соғып кетті. Станислав Александров осылайша бүгінгі кездесудегі екінші голының авторы атанды. Қазақстандық хоккейші Денис Шапоров 56-минутта бір гол салды. Неміс құрамасынан 59-минутта Луис Шинко бір шайбамен жауап қайырды. Нәтижесінде Қазақстан жастары қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті. Енді 5 қаңтарда екі құрама тағы бір кездесу өткізеді. Аталмыш ойында жеңімпаз болған құрама топ-дивизиондағы орнын сақтап қалады.

Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатында А тобында төрт кездесу өткізіп, барлығында қарсыластарына есе жіберді. Алдымен Швейцариядан 3:5 есебімен жеңілген қазақстандық хоккейшілер одан кейін Словакиядан 1:3, Финляндиядан 1:7, Швециядан 2:6 есебімен ұтылды.

2018 жылы Қазақстан жастары жұбаныш кезеңіндегі екі кездесуде Даниядан басым түсіп, топ-дивизиондағы орнын сақтап қалған болатын.

Биыл бірінші дивизиондағы А тобында Австрия құрамасы бірінші орын алды. Енді олар 2021 жылы топ-дивизионда бақ сынайды.

Сондай-ақ, бүгін жастар арасындағы әлем чемпионатында жартылай финал ойындары өткізіледі. Жартылай финалда Ресей мен Швеция, Канада мен Финляндия құрамалары кездеседі. Ал 5 қаңтарда 3 орын иегері мен чемпион 5 қаңтарда анықталады. 2019 жылы Финляндия құрамасы алтыннан алқа таққан болатын.