Хоккей: Қазақстандық жастар Швейцарияға есе жіберді

Аталмыш кездесу тартысты өтті деуге негіз бар. Қазақстандық жастар қарсыласымен терезесі тең ойын көрсетті. Есепті 2-минутта Швейцария сапынан Мэттью Вербун ашқан еді. Ойының 15-минутында қазақстандық хоккейші Максим Мусоров таразы басын теңестірді. Ал 18-минутта қарсыластар сапынан Жереми Гербер өз құрамасын тағы да алға шығарды.
Екінші кезеңде қазақстандық жастар жақсы ойын өрнегімен көзге түсті. Кездесудің 24-минутында Руслан Демин гол соғып, таразы басы тағы да теңесті. Швейцариялық Йоэль Зальцгебер 30-минутта өз құрамасын қайтадан алға шығарса, 35-минутта Максим Мусоров тағы да есепті теңестірді.
Үшінші кезеңде Швейцария екі шайба соғып, қорытынды есепті белгіледі. Голдарды Джан-Марко Веттер мен Мэттью Вербун 48 және 53-минуттарда өздерінің еншісіне жазды. Нәтижесінде қазақстандық жастар қарсыласына 3:5 есебімен жеңіліп қалды.
Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық хоккейшілер А тобында сынға түседі. Қарсыластары - Финляндия, Швейцария, Швеция және Словакия құрамалары.
Енді қазақстандық жастар 27 желтоқсанда Словакиямен кездессе, одан кейін 29 желтоқсанда Финляндия, 30 желтоқсанда Швеция құрамаларымен бақ таластырады.
Сондай-ақ, әлем чемпионатында В тобында Чехия, Германия, Канада, АҚШ және Ресей құрамалары сынға түседі.
Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы кезеңде олар әртүрлі дивизионда бақ сынады. Қазақстандық хоккейшілер топ-дивизионда 1998-2001, 2008-2009 жылдар аралығында сынға түскен. 2017 жылы Францияда өткен бірінші дивизионның А тобында көш бастап, үздіктер қатарына сегіз жылдан астам уақыттан кейін қайта оралды.