Хоккейден ӘЧ: «А» дивизионындағы командалар өзара мықтыны анықтайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Словакияның Братислава және Кошице қалаларында шайбалы хоккейден әлем чемпионатының «А» дивизионы ойындары өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хоккейден ӘЧ: «А» дивизионындағы командалар өзара мықтыны анықтайды

Әлем чемпионаты 10 мамыр күні басталды. Бүгінгі күндері құрамалар үшінші тур ойындарын өткізуде. Дүбірлі додада «А» және «В» тобында 16 құрама бақ сынайды. «А» тобында Финляндия, Германия, АҚШ, Канада, Словакия, Дания, Франция, Ұлыбритания; «В» тобында Ресей, Швейцария, Чехия, Швеция, Латвия, Норвегия, Австрия, Италия құрамалары ширек финалға берілетін жолдаманы сарапқа салады.

Бүгінгі күнге дейін Ресей құрамасы үш кездесуде де жеңіске жетті. Олар Норвегияны 5:2, Австрияны 5:0 есебімен тізе бүктірсе, бүгін Чехияны 3:0 есебімен жеңді.

Топтық кезең ойындары 21 мамырда мәресіне жетеді. Ширек финал 23 мамырда басталады. Жартылай финалға құрамалар 25 мамырда кездеседі. Ал 21 мамыр күндері финал және 3-орын үшін сайыстар өткізіледі.

Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан құрамасы биыл Нұр-Сұлтанда өткен бірінші дивизионның «А» тобында жеңімпаз атанды. Нәтижесінде олар 2020 жылы әлем чемпионатының «А» дивизионына жолдама алды. Аталмыш чемпионат 2020 жылдың 8-24 мамыр күндері Швейцарияның Цюрих және Лозанна қалаларында өткізіледі.