Хоккейден ӘЧ: Қазақстан қыздар құрамасы Оңтүстік Кореяға есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM — Шайбалы хоккейден Қазақстан 18 жасқа дейінгі қыздар құрамасы IIA дивизионында өтіп жатқан әлем чемпионатындағы бесінші ойынын Оңтүстік Кореяға қарсы өткізді.

Хоккейден ӘЧ: Қазақстан қыздар құрамасы Оңтүстік Кореяға есе жіберді
Фото: Қазақстан хоккей федерациясы

Оңтүстік Корея құрамасы былтыр ІВ тобында сынға түскен еді. Сондықтан олар үшін қайтадан аталған топқа оралу міндеті болған еді. Алғашқы екі турда қазақстандық хоккейшілер бірде-бір ұпай жоғалтқан жоқ. Қарсыластар Латвиямен кездесуінде овертаймда жеңіске жетіп, бізден бір ұпайға кем жинады. 

Қазірге дейін қазақстандық хоккейшілер Жаңа Зеландия (13:2), Латвия (9:1), Түркия (5:1), Нидерланд (7:0) құрамаларын қапы қалдырған еді.

Ал Оңтүстік Корея құрамасы Түркия (2:0), Жаңа Зеландия (10:0), Нидерланд (5:0), Латвия (3:2) құрамаларынан басым түсті.

Кездесу барысында қарсыластар тартысты ойын өткізді. Бірінші кезеңде олар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Екінші кезеңде қазақстандық София Зубкова есеп ашты. Есесіне отандастарымыз үшінші кезеңде өз қақпасынан бес шайба алып шығуға мәжбүр болды.
Осылайша қазақстандық хоккейшілер қарсыласына 1:5 есебімен есе жіберді. Өз тобында екінші орынды місе тұтып, ІВ тобына жолдама алу мүмкіндігінен айырылды.

Соңғы жаңалықтар