Хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы бүгін Польшамен ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы бірінші дивизионның А тобында бүгін, 5 мамырда үшінші ойынын Польшаға қарсы өткізеді.
Кездесу Қазақстан уақытымен 22:30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі құрама қазірге дейін 12 мәрте кездесіп, он бірінде отандастарымыз жеңіске жетті.
Айта кетсек, бұдан бұрын қазақстандық хоккейшілер Литвадан 4:1, Жапониядан 6:0 есебімен басым түсті.
Ал Польша Францияға буллиттен 2:3 есебімен есе жіберсе, Украинаны 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Сондай-ақ қазақстандық хоккейшілер енді 7 мамырда 19:00-де Украина, 8 мамырда 15:30-да Франция құрамаларымен шеберлік байқасады.
Екі турдан кейін Қазақстан 6 ұпаймен көш басында тұрса, одан кейінгі орындардағы Францияның 5, Польшаның 4, Украинаның 3 ұпайы бар. Әзірге Литва мен Жапонияның қоржыны бос.
Аталған топта бірінші орын алған құрама 2027 жылы элиталық дивизионда бақ сынауға мүмкіндік алса, соңғы орынды місе тұтқан құрама В тобына түсіп қалады.
Айта кетсек, қазақстандық хоккейшілер алғашқы оқу-жаттығу жиынын 17 сәуірге дейін Астана қаласында өткізді.
Одан кейін Беларусьте 26 сәуірге дейін дайындық жүргізді. Онда 25 сәуірде жергілікті «Динамо-Молодечно» командасынан 5:1 есебімен басым түсті.
Ал 25 сәуірде жолдастық кездесуде қазақстандық хоккейшілер Словения құрамасын 2:1 есебімен қапы қалдырды.