Хоккейден ӘЧ: Қазақстан жастары тағы да жеңіліп қалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Хоккейден 20 жасқа дейінгі Қазақстан жастары Канадада өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында бүгін АҚШ құрамасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан құрамасы В тобында сынға түсіп жатыр. Біздің хоккейшілер алдына қойылған міндет - биылғы додада топ-дивизиондағы орнын сақтап қалу. Бұл біздің құрама үшін оңай емес. Өйткені, топтағы әрбір қарсыласымыз - бұрыннан осындай жарыста сынға түсіп жүрген тәжірибелі құрамалар.

Солардың бірі - АҚШ құрамасы өз тарихында бұған дейін төрт мәрте чемпион атағына қол жеткізген. 1977 жылдан бері өткізіліп келе жатқан аталмыш додада олар алғаш рет 2004 жылы алтыннан алқа тақты. Одан кейін 2010, 2013, 2017 жылдарда осындай табысқа кенелді. Сондықтан бүгінгі кездесуде біздің құрамаға оңай тимейтіні анық еді.

Бірер минут бұрын аяқталған аталмыш ойын барысы біз күткендегідей өрбіді. АҚШ құрамасы негізінен шабуыл тізгінін өз қолына алса, біздің хоккейшілер қорғанысқа көбірек көңіл бөлді. Қарсыластар бірінші шайбаны 2-минутта соғып кетті. Ол Оливер Вальстрёмнің еншісіне жазылды. Арада бірер секунд өткенде біздің жастар қатарынан Андрей Буяльский таразы басын теңестіріп, құрамамыз әлем чемпионатындағы алғашқы голын соқты. Бұдан кейін бүгінгі қарсыласымыз ойын тізгінін толық өз қолына алғандай болды.  АҚШ хоккейшісі Джоэль Фараби 5, 8, 12-минуттарда біздің қақпадан үш мәрте саңылау тапты.

Қарсыластарымыз тағы үш шайбаны екінші кезеңде соқты. Алдымен Саша Хмелевски 25, Райан Пилинг 30, Тайлер Мэдден 32-минутта мергендік танытты. Ал Джош Норрис 40-минутта есепті үстемелей түсті. АҚШ құрамасы осылайша есепті 8:1-ге жеткізді.  Бұдан кейін біздің жастардан Дмитрий Митенков АҚШ қақпашысын қапы қалдырды.

Қазақстан 28 желтоқсанда Финляндиядан 0:5 есебімен жеңіліп қалған еді. АҚШ құрамасы бұған дейін 27 желтоқсанда Словакияны 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Қазақстан жастары енді 31 желтоқсанда сағат 9.30-да Словакиямен кездеседі. Аталмыш кездесу Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Ал 1 қаңтарда біздің құрама Швециямен мұз айдынға шығады.



Фото: olympic.kz

Соңғы жаңалықтар