Хоккейден Әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы Беларусьті жеңе ала ма
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында шайбалы хоккейден өтіп жатқан Әлем чемпионатының бірінші дивизионының А тобындағы төртінші ойын күнінде Қазақстан құрамасы Беларусьпен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қос құрама аталмыш дүбірлі додада әзірге жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Барлық үш кездесуінде қарсыластарын тізе бүктірді. Қазақстан хоккейшілері алдымен Словенияны 3:2 есебімен жеңсе, одан кейін Литвадан 3:1 есебімен басым түсті. Үшінші турда Оңтүстік Кореяны 4:1 есебімен жеңді. Ал Беларусь құрамасы алғашқы үш турда Литваны 4:3, Венгрияны 3:1, Словенияны 4:1 есебімен ұтты. Осылайша екі құрама алғашқы үш турдан кейін бірдей ұпай жинап, турнир кестесінде бірінші және екінші орынды өзара бөлісіп тұр.
Қазақстан мен Беларусь хоккейшілері бұған дейін 11 мәрте кездесті. Айта кетерлігі, бүгінгі күнге дейін біздің құрама аталмыш қарсыласын тізе бүктіре алмай келеді. Тек 1997 жылдың 9 ақпанында қысқы Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңінде екі құрама 4:4 есебімен тең түсті. Нәтижесінде аталмыш дүбірлі доданың финалдық сатысына екеуі де жолдама алды. Екеуі қысқы Олимпиаданың 1/8 финалдық сатысына дейін жетті. Сондықтан бүгін, 4 мамыр күні Қазақстан хоккейшілері жеңіске жеткен жағдайда ол біздің құрама үшін тарихи ойын болады.
Беларусь құрамасы 1992 жылдан бері түрлі деңгейдегі турнирлерде бақ сынап келеді. Алғашқы кездесуін сол жылдың 7 қарашасында өз елінің астанасы - Минск қаласында Украинаға қарсы өткізді. Аталмыш кездесуде украиндар 4:1 есебімен басым түсті. 1996 жылы 30 мамырда Латвия астанасы - Рига қаласында Литваны 21:1 ірі есебімен жеңді. Ал 1997 жылы Финляндиядан, 1998 жылы Канададан 2:11 есебімен ойсырай жеңілді.
Айта кетерлігі, 2005 жылдан бері Беларусь хоккейшілері үздіктер сынға түсетін А дивизионында тәжірибе жинақтады. 2006 жылы ең жақсы нәтижесіне қол жеткізді. Сол жылы алғашқы алтылықтан көрінді.
Қазіргі таңда Беларусь құрамасының ойыншылары негізінен Құрлықтық хоккей лигасында сынға түсетін «Динамо» (Минск), «Адмирал», «Трактор», «Йокерит» (Финляндия) командаларының намысын қорғайды. Сондай-ақ, АҚШ-тың «Оуэн Саунд Аттак», Чехияның «Шкода» клубтарында сынға түсіп жүрген хоккейшілер бар. Қалғаны Беларусь экстралигасындағы «Юность», «Неман», «Шахтер» (Солигорск) секілді ұжымдарда ойнайтын спортшылар да құрамаға шақырылған.
Қазақстан құрамасы мен «Барыс» командасының бас бапкері Андрей Скабелка 2012-2013 жылдарда Беларусь құрамасына басшылық етті. Сондықтан бас бапкер өз елінің хоккейшілерінің осал тұсын тап басып, біздің құрамаға жеңіс сыйлай ала ма? Оны бүгінгі ойында бағамдайтын боламыз.
Қазақстан мен Беларусь құрамалары арасындағы кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 17.30-да басталады. Аталмыш ойын QazSport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.