Хоккейден әлем чемпионаты: Қазақстан жасөспірімдері Жапонияны ойсырата жеңді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан жасөспірімдер құрамасы шайбалы хоккейден әлем чемпионатындағы екінші ойынын Жапонияға қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Хоккейден әлем чемпионаты: Қазақстан жасөспірімдері Жапонияны ойсырата жеңді

Францияның Анже қаласында 1А дивизионында бүгін екінші тур ойындары өтті.

Қазақстандық хоккейшілер кездесу барысында сенімді ойын көрсетті. Бірінші кезеңнің 18-минутында ел құрамасынан Артур Гросс көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Екінші кезеңде қазақстандық Кирилл Ляпунов 21-минутында есепті үстемелей түсті.

Үшінші кезеңде ел құрамасынан Александр Ким 41-минутта басымдықты арттырса, Кирилл Ляпунов 44-минутта тағы бір мәрте гол соқты.

Кездесу нүктесін 58-минутта Абай Бейсембаев қойды.

Осылайша қазақстандық хоккейшілер қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті.

Еске салсақ, бұдан бұрын олар Венгрияны жеңді.

Енді қазақстандық жасөспірімдер құрамасы 26 сәуірде Даниямен кездеседі.

Ал 27 сәуірде Украина, 29 сәуірде Франциямен шеберлік байқасады.