Хоккейден Гагарин кубогы финалына шыққан командалар анықталды

АСТАНА. KAZINFORM - Құрлықтық хоккей лигасы Гагарин кубогы финалына жолдама алған командалар белгілі болды.

Хоккейден Гагарин кубогы финалына шыққан командалар анықталды
Фото: khl.ru

Жарыстың аталған сатысында Ресейдің «Локомотив» (Ярославль) және «Трактор» (Челябі) клубтарына шеберлік байқасады. Ойындар сериясы 13 мамырда Ярославль қаласынан бастау алады. 

Жартылай финалда «Локомотив» Ресейдің «Салават Юлаев» (Уфа) клубын 4:1 есебімен қапы қалдырса, «Трактор» «Динамо» (Мәскеу) командасын 4:3 есебімен тізе бүктірді. 

Айта кетсек, командалар ҚХЛ-дың тұрақты кезеңінде өз конференциясында үздік атанды.

«Локомотив» батыс аймағы бойынша жеңімпаз болса, «Трактор» шығыс бөлігінде көшбасшы атанды.

Сондай-ақ ярославльдік команда тұрақты кезеңде бірінші орын алса, челябілік ұжым екінші орынға табан тіреді. 

Гагарин кубогы 2008 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазірге дейін ЦСКА (Мәскеу), «Металлург» (Магнитогорск), «Ак Барс» (Қазан) - 3, СКА (Санкт- Петербор), «Динамо» (Мәскеу) - 2, «Авангард» (Омбы) мен «Салават Юлаев» (Уфа) - 1 мәрте кубокты төбесіне көтерді. 

Айта кетсек, өткен маусымда Гагарин кубогына «Металлург» (Магнитогорск) клубы ие болды.

Еске салсақ, қазақстандық «Барыс» үшінші жыл қатарынан ҚХЛ-дың Гагарин кубогына шыға алмай қалды.

Соңғы жаңалықтар